Қазақстанда такси жүргізу, курьерлік жеткізу, құмар ойындар мен электронды ақша айналымынан түсетін кірістер алимент төлеуден жалтарғандарды анықтауға көмектеседі. Үкімет балалардың құқығын қорғау және берешекті өндіріп алу тиімділігін арттыру мақсатында сот орындаушыларының өкілеттігін кеңейтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сот орындаушыларына қандай өкілеттік берілді?
Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында мемлекет борышкерлердің табысын жасыруына жол бермеу үшін заңнамалық және цифрлық шараларды күшейтіп жатқанын жеткізді. Енді сот орындаушылары ресми жалақымен шектелмей, платформалық жұмыспен қамту саласындағы қосымшалардан және ойын бизнесін ұйымдастырушылардан дерек талап ете алады.
«Сот орындаушылары платформалық жұмыспен қамту саласында қызмет ететін интернет-платформалар мен мобильді қосымшалардың операторларынан, сондай-ақ ойын бизнесін ұйымдастырушылардан борышкердің табысы туралы мәліметтерді сұрату құқығына ие болды», – деп түсіндірді Олжас Бектенов.
Цифрлық жүйе көлеңкелі табысты қалай тексереді?
Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі қазір мемлекеттік дерекқорлармен, банктермен және Еңбек шарттарын есепке алу жүйесімен байланысқан. Осы интеграцияның көмегімен борышкердің қай жерде қызмет ететіні және жұмыс берушісі туралы мәліметтер автоматты түрде анықталады.
Сонымен қатар жолаушылар тасымалы, жеткізу сервистері, букмекерлік кеңселер мен электронды әмияндардағы қаражат қозғалысын тіркейтін механизмдер әзірленуде. Көптеген борышкер ресми түрде ең төменгі жалақы көрсетіп, негізгі қаражатты онлайн қосымшалар арқылы тауып келген еді. Жаңа талап осындай тәсілдермен табысын жасырып жүргендерді жауапқа тартуға мүмкіндік береді.
Жазаны қатаңдату неге қолдау таппады?
Парламент депутаттары алимент төлемейтіндерге жазаны күшейтуді және табысы жоқ борышкерлерден баласына ақша ала алмай отырған аналарға мемлекеттен атаулы қолдау тетігін енгізуді көтерген болатын. Қазіргі заң бойынша бала асыраудан қасақана жалтарғандарға екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Алайда Үкімет жазаны одан әрі күшейту мәселесінде сақтық танытты. Түрмеге қамаудың өзі балаға тиесілі қаржының толық өндірілуіне кепілдік бере алмайды. Сол себепті мемлекеттік органдар негізгі күшті борышкерді бас бостандығынан айыруға емес, оның барлық жасырын кіріс көздерін анықтап, қаражатты мәжбүрлі түрде өндіріп алуға бағыттап отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







