Қазақстанға визасыз режиммен келетін шетел азаматтары үшін шекарадан өтудің жаңа цифрлық тәртібі енгізіле бастады. Елімізге келуді жоспарлаған азаматтар енді сапарға кемінде 72 сағат қалғанда QazETA мемлекеттік цифрлық платформасы арқылы электронды рұқсат алуға міндеттеледі, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа жүйе қай жерлерде іске қосылды?
Көші-қонды бақылаудың тың жүйесі бірінші кезеңде Ақтау халықаралық әуежайында және бірнеше негізгі автомобиль өткізу пункттерінде қанатқақты режимде жұмысын бастады. Атап айтқанда, Павлодар облысындағы «Үрлітөбе», Жамбыл облысындағы «Аухатты», Түркістан облысындағы «Атамекен» және Жетісу облысындағы «Нұрлы жол» өткізу бекеттерінде шетелдіктердің электронды құжаты тексеріледі.
Жаңа ережелер визасыз режим орнатылған 85 мемлекеттің, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің азаматтарына қолданылады. Тәртіпті енгізу бірнеше кезеңге бөлінген:
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап – Астана мен Алматы халықаралық әуежайларында;
2027 жылдың 1 наурызынан бастап – мемлекеттік шекарадағы қалған барлық бекеттерде;
2027 жылдың 1 шілдесінен бастап – талап толықтай міндетті сипатқа ие болады.
Өтпелі кезеңде, яғни 2027 жылдың шілдесіне дейін электронды рұқсаттың болмауы шетелдіктерді елге кіргізбеуге негіз бола алмайды. Шекарашылар тек жаңа ережені түсіндіріп, оны рәсімдеуді ұсынады. Ал белгіленген мерзім өткен соң рұқсаты жоқ азаматтар шекарадан кері қайтарылады.
Рұқсат алу процесі толықтай тегін және 180 күнтізбелік күнге жарамды. Өтінім беру кезінде шетелдік азамат пайдаланған төлқұжатын шекаралық бақылаудан өткен сәтте көрсетуі шарт.
Кімдер электронды рұқсаттан босатылады?
Жаңа қағидаларға сәйкес, шетелдіктердің 29 санаты үшін бұл талапты орындау міндеттелмейді. Жеңілдіктер мына топтарға қарастырылған:
16 жасқа толмаған балалар мен 65 жастан асқан қарттар;
Қазақстанның қолданыстағы ресми визасы бар азаматтар;
Елімізде уақытша тұруға рұқсаты (РВП) немесе тұруға ықтиярхаты (ВНЖ) бар шетелдіктер;
Әуежайдың транзиттік аумағынан шықпай, өзге елге ұшып кететін жолаушылар;
Дипломатиялық және қызметтік төлқұжат иелері мен ресми шетелдік делегация мүшелері.
Айта кетерлігі, электронды рұқсаттың болуы шетел азаматының елде рұқсат етілген мерзімнен тыс заңсыз қалуына құқық бермейді және шекарадан кедергісіз өтуге жүз пайыз кепілдік болмайды. Түпкілікті шешімді бақылау бекетіндегі шекара қызметкерлері қабылдайды.
Заңгерлер пікірі: халықаралық тәжірибеге сай қадам
Құқықтық сарапшылар шекараны цифрлық сүзгімен қамтамасыз ету халықаралық озық тәжірибеге толық сәйкес келетінін айтады. «MLS Consulting» заң фирмасының директоры Жанна Ержанова мобильді қосымша арқылы рұқсат алу тетігінің жеңіл әрі тиімді жасалғанына назар аударды.
«Мобильді қосымша қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр, QazETA рұқсатын тек сол арқылы алуға болады. Рәсімдеу тегін, сапарға кемінде 72 сағат қалғанда өтініш беру қажет. Өтінім толтыру бар болғаны 15–30 минут уақытты алады. Осындай жүйелер Оңтүстік Корея мен Ресей сияқты мемлекеттерде де бұрыннан сәтті қолданылып келеді», – деді заңгер.
Ertenmedia ракурсы: Туризмге тұсау ма, қауіпсіздік қалқаны ма?
Қазақстан шекарасында енгізілген бұл тәртіп қоғамда екіұдай пікір қалыптастырып отыр. Негізгі сауал – алдын ала рұқсат талап ету еліміздің туристік тартымдылығына нұқсан келтірмей ме, әлде ұлттық қауіпсіздіктің мықты қалқанына айнала ма?
Бір жағынан қарағанда, әлемдегі геосаяси жағдайдың шиеленісуі және көршілес өңірлердегі тұрақсыздық шекарадағы көші-қон ағынын жіті қадағалауды талап етеді. QazETA жүйесі арқылы арнайы қызметтер ел аумағына келе жатқан әрбір азаматты алдын ала тексеріп, қылмыстық немесе экстремистік элементтердің, халықаралық іздеуде жүрген күдіктілердің кіруіне тосқауыл қоя алады. Мұндай цифрлық қадағалау заңсыз еңбек миграциясын азайтып, криминогендік ахуалды тұрақтандыруға оң септігін тигізеді.
Екінші жағынан, визасыз режимнің басты мәні – кез келген уақытта еш кедергісіз саяхаттап келу мүмкіндігінде еді. 72 сағат бұрын өтініш толтыру қажеттігі, әсіресе көрші елдерден іскерлік мақсатпен немесе демалыс күндері шұғыл сапарлайтын туристер үшін артық бюрократия болып көрінуі мүмкін. Егер мобильді қосымшада техникалық ақаулар жиілеп, өтінім қарау созылып кетсе, бұл шетелдік қонақтарды үркітіп, туризм саласындағы табысты төмендетуі ықтимал.
Сондықтан жауапты мекемелер жүйенің техникалық тұрғыдан мінсіз жұмыс істеуін қадағалап, шекаралық тексеру уақытын ұзартпайтын шешімдерді қамтамасыз етуі қажет. Бақылау тетігі елді жабық мемлекетке айналдырмай, керісінше заңға бағынатын шетелдіктер үшін қауіпсіз әрі қолайлы қызмет үлгісіне айналғанда ғана көзделген мақсатқа қол жетеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







