Қазақстанда жеке тұлғалардың елге жеке пайдалануы үшін шеттен әкелетін автокөліктеріне қатысты талаптар түбегейлі қатаңдатылды. Көлік министрлігі бекіткен жаңа бұйрыққа сәйкес, шыққан мерзімі бес жылдан асқан және экологиялық класы «Еуро-5» деңгейіне жетпейтін көліктерді ел аумағында пайдалануға шығаруға тыйым салынады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа бұйрық: «Еуро-5» және бес жылдық шектеу
Көлік министрінің міндетін атқарушының қол қойған құжатымен автокөлік құралдарының жолдарда жүруіне рұқсат етілген параметрлеріне ресми өзгерістер енгізілді. Аталған норма 2026 жылдың 31 желтоқсанынан бастап толықтай күшіне енеді.
Жаңа ереже бойынша жеке пайдалану үшін үшінші елдерден немесе Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінен жеткізілетін көліктер мына екі қатаң талапқа бірдей сай келуі міндетті:
- Көліктің шығарылған күнінен есептегендегі пайдалану мерзімі 5 жылдан аспауы шарт (яғни 2021 жылдан бұрын құрастырылған көліктер кіргізілмейді);
- Автокөлік қатаң түрде 5-ші немесе одан да жоғары экологиялық класқа («Еуро-5», «Еуро-6») сәйкес келуі қажет.
Осы екі талаптың біріне сай келмеген кез келген темір тұлпар Қазақстан аумағында алғашқы тіркеуден өте алмайды және жолдарда жүруіне тыйым салынады.
Қыркүйекте басталған тосқауылдың заңдық нүктесі
Жеке тұлғалардың шетелден көлік әкелуіне шектеу қою процесі осы күзде қарқынды жүргізілген болатын. Қыркүйек айының соңында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі зертханаларға бес жылдан асқан көліктерге көлік құралының электрондық паспортын (КҚЭП) беруді тоқтатқан еді.
Сонымен қатар бір адамға жылына тек бір көлікті жеке пайдалану тәртібімен әкелуге рұқсат беріліп, кедендік бақылау күшейтілді. Енді Көлік министрлігінің бұйрығы сол шектеулерді жол қозғалысына рұқсат беру ережелерімен бекітіп, заңдық тұрғыдан шегендеп тастады.
Ресми уәж: ескірген автопарк пен ауа тазалығы
Мемлекеттік органдар мұндай қатаң шешімді елдің экологиялық жағдайын жақсарту және республикадағы көлік паркін жаңарту қажеттілігімен түсіндіреді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде Қазақстанда тіркелген 5,6 миллионнан астам автокөліктің 44-50 пайызға жуығының шыққанына 20 жылдан асып кеткен. Ал ірі қалалардағы ауаның ластануының негізгі үлесі дәл осы техникалық және экологиялық талапқа сай келмейтін көнерген көліктердің пайдаланылған газынан туындап отыр.
Билік өкілдері көне көліктердің импортын тыю арқылы ішкі нарықты жаңа әрі қауіпсіз көліктерге бейімдейміз деп сендіреді.
Ertenmedia ракурсы: Арзан көлік дәуірі біржола аяқталды
Дегенмен экологиялық қамқорлық туралы әдемі сөздердің астарында қарапайым халықтың қалтасына түсетін ауыр салмақ жатыр. Енгізілген тыйымдар еліміздегі арзан әрі сапалы көлік дәуіріне біржола нүкте қойды.
Осы уақытқа дейін қазақстандықтар Жапония, АҚШ, Еуропа немесе Кореядан 7–10 жыл бұрын шыққан, бағасы қолжетімді, сенімді көліктерді таңдап келе жатқан еді. Енді бес жылдан аспаған, яғни 2021–2026 жылдар аралығында құрастырылған машиналарды сатып алуға қарапайым азаматтардың басым бөлігінің қаржысы жетпейді. Оның үстіне кедендік алымдар, қымбат утиль алымы мен алғашқы тіркеудің астрономиялық ставкалары сырттан көлік әкелуді тым қымбат шығынға айналдырды.
Салдарынан, ел ішіндегі қайталама нарықта жүрген ескі машиналардың бағасы тағы да шарықтай түспек. Халықтың жаңа көлік алуға шамасы келмегендіктен, елдегі 20-30 жылдық ескі «шроттарды» тоқтаусыз жөндеп, мінуден басқа амалы қалмайды.
Шенеуніктер экологияны желеу етіп, азаматтарды қымбат жаңа көліктерді несиеге алуға мәжбүрлеуде. Баламалы арзан шешімдер мен халықтың нақты сатып алу қабілеті ескерілмей қабылданған мұндай шектеулер автопаркті жаңартпайды, тек елдегі көлік қымбатшылығын бұрын-соңды болмаған деңгейге көтереді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







