Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, мемлекеттік органдардың басшылары мен қоғам өкілдері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын тікелей эфирден тыңдады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы ел экономикасының тұрақты өсуін қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңарту және азаматтардың тұрмыс сапасын көтеру бойынша бірқатар маңызды міндет белгіледі. Жолдауда энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, су ресурстарын басқару және шағын бизнесті қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Президенттің негізгі бастамаларының бірі – 2027 жылды жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау. Осыған байланысты ел көлемінде «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске қосу көзделіп отыр.
Бағдарлама әлеуметтік, коммуналдық, энергетикалық және көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталады. Жаңа мектеп, аурухана, тұрғын үй, жол, инженерлік желі мен өндірістік нысандар салу арқылы мыңдаған тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады.
Құрылыс жобаларын жүзеге асыру кезінде отандық өнім мен жергілікті кәсіпорындардың мүмкіндігін кеңінен пайдалану көзделеді. Мұндай тәсіл құрылыс саласын ғана емес, металлургия, машина жасау, цемент өндірісі, көлік және шағын бизнес секілді сабақтас салаларды да жандандырады.
Павлодар үшін жаңа экономикалық мүмкіндік
Өнеркәсіптік және энергетикалық әлеуеті жоғары Павлодар облысы «Халықтық құрылыс» бағдарламасының негізгі қатысушыларының біріне айнала алады. Өңірде электр энергетикасы, көмір өндіру, алюминий мен ферроқорытпа өндірісі жақсы дамыған.
Жолдауда белгіленген міндеттер облыстағы инженерлік желілерді жаңартуға, жаңа қуат көздерін іске қосуға және өндіріс орындарын технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға мүмкіндік береді. Ірі жобаларға жергілікті кәсіпорындарды тарту өңір экономикасына қосымша тапсырыс беріп, жұмысшылардың табысын арттыруға ықпал етпек.

Шағын бизнеске үш жылдық мораторий
Президент 2027 жылдан бастап шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Мұндай шешім кәсіпкерлерге әкімшілік қысымды азайтып, қаражатын өндірісті кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағыттауға жағдай жасайды.
Сонымен бірге бизнестің жауапкершілігі мен заң талаптарын сақтау мәселесі назардан тыс қалмайды. Мемлекеттік бақылау азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларда сақталады.
Жолдауда ұсынылған бастамаларды сапалы жүзеге асыру Павлодар облысының өндірістік қуатын арттырып, инвестициялық тартымдылығын күшейтеді. Инфрақұрылымның жаңаруы мен кәсіпкерліктің дамуы тұрғындардың өмір сүру сапасын көтеріп, өңір экономикасына жаңа серпін береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







