Павлодарда такси жүргізушісі мен полиция қызметкерлері телефон алаяқтарына алданып, 5,97 млн теңгесінен айырылған зейнеткерге ақшасын қайтарып берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жүргізуші Павлодардан Алматыға сәлемдеме жеткізуге тапсырыс алған. Жолға шығар алдында көлік жуу орнына кіргенде, жүксалғыштағы сөмкеден жарма төгілгенін байқайды. Қаптаманы тексергенде ішінен ірі көлемдегі ақша шығады.
Күмәнданған таксист ақшаны иемденбей, өз бетінше әрекет етпей, дереу полицияға хабарлаған. Тәртіп сақшылары қаражаттың телефон алаяқтарына алданып қалған егде әйелге тиесілі екенін анықтады.
Алдымен зейнеткерге өзін энергиямен жабдықтау ұйымының қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адам қоңырау шалған. Ол электр есептегішті ауыстыру қажет екенін айтып, SMS арқылы келген кодты сұрап алған. Кейін «электронды үкімет қызметкеріміз» деген адамдар әйелдің атына несие рәсімделгенін хабарлаған.
Жалған қарызды «жабу» сылтауымен алаяқтар зейнеткерді 5,97 млн теңгені курьерге беруге көндірген. Курьер сәлемдемені такси жүргізушісіне жеткізген.
«Заң мен Тәртіп» қағидаты интернет алаяқтықпен күресте полицияның ғана емес, әр азаматтың қырағылығына сүйенеді. Жүргізушінің адалдығы мен жедел шешімі қылмыстық схеманың жүзеге асуына тосқауыл болды. Солтүстік полиция бөлімінің жедел уәкілдері Жеңіс Еркін мен Ернұр Жақсылықов мән-жайды анықтап, ақшаны иесіне қайтарды.
Полиция SMS-кодты, банк дерегін және құпия ақпаратты ешкімге бермеуге шақырады. Күдікті қоңырау түссе, әңгімені тоқтатып, ұйымның ресми нөміріне немесе 102 қызметіне хабарласқан жөн.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







