Қазақстан аумағында бұған дейін сақталған жауын-шашынсыз ауа райы біртіндеп шегініп, елге солтүстік циклон ойығы енеді. 5 қараша күні батыс және солтүстік-батыс өңірлерден басталған тұрақсыз күн райы республиканың басқа облыстарына да таралады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Синоптиктердің дерегінше, еліміздің бірқатар аймағында жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын түсіп, көктайғақ, тұман және екпінді жел күтіледі.
Республика аумағы бойынша желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейіп, түнгі және таңертеңгі сағаттарда қалың тұман түсуі мүмкін.
Батыс аймақтар: Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Ақтөбе облыстары
Батыс өңірлерде атмосфералық фронттардың әсерінен жаңбыр мен қар жауып, кей жерлерде қатты жауын-шашын болады. Жолдарда көктайғақ пайда болып, көріну қашықтығы төмендейді.
Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында түнде және таңертең тұман күтіледі. Ауа температурасы түнде 0…+5°C шамасында болса, күндіз +3…+8°C аралығында сақталады. Атырау және Маңғыстау облыстарында термометр бағаны күндіз +9…+14°C-қа дейін көтеріледі, түнде +2…+7°C жылы болады.
Солтүстік және орталық: Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды және Ұлытау облыстары
Солтүстік және орталық облыстарда ауа райы құбылмалы болады. Жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын түсіп, жаяу бұрқасын мен көктайғақ жүреді деп болжанып отыр.
Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарында түнде сынап бағанасы -1…-6°C-қа дейін түсіп, күндіз +1…+6°C жылылықты көрсетеді. Павлодар, Қарағанды және Ұлытау облыстарында түнде 0…-5°C аралығында болып, күндіз ауа температурасы +4…+9°C деңгейінде сақталады.
Солтүстік және солтүстік-батыс жолдарында көктайғақ құбылыстары күшейіп, көлік қозғалысына қауіп төндіруі мүмкін.
Шығыс өңірлер: Шығыс Қазақстан және Абай облыстары
Шығыс аймақтарда да атмосфералық фронттар өз әсерін тигізеді. Таулы және тау бөктеріндегі аудандарда жаңбыр мен қар жауып, түнде үсік жүреді.
Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында түнгі уақытта ауа температурасы -3…-8°C шамасында суытса, күндіз +3…+8°C-қа дейін жылынады. Кей аумақтарда тұман түсіп, жел 15-18 м/с жылдамдықпен соғады.
Оңтүстік өңірлер: Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Алматы және Жетісу облыстары
Оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарда күндізгі температура салыстырмалы түрде жоғары деңгейде қалады. Алайда таулы аймақтарда өткінші жаңбыр, түнде тұман мен екпінді жел күтіледі.
Қызылорда мен Түркістан облыстарында түнде +2…+7°C, күндіз +13…+18°C болады. Түркістан облысының таулы асуларында желдің екпіні 20 м/с-қа жетуі мүмкін. Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында түнде 0…+5°C, ал күндіз +11…+16°C жылылық болжанады.
Республикалық маңызы бар қалалар
Астанада көшпелі бұлт шығып, жауын-шашын күтілмейді. Түнде және таңертең тұман түседі. Түнде сынап бағанасы -2…-4°C, күндіз +5…+7°C көрсетеді.
Алматыда ауа райы ашық болып, күндіз сынап бағанасы +12…+14°C шамасына дейін көтеріледі. Түнде ауа температурасы +3…+5°C жылы болады.
Шымкентте күн райы жылы әрі жауын-шашынсыз өтеді. Түнде +4…+6°C, ал күндіз +15…+17°C болады деп күтілуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







