9 қараша күні Қазақстанның барлық облысында дерлік ауа райы күрт құбылып, синоптиктер жалпыұлттық дауылды ескерту жариялады. Ел аумағына бір мезгілде солтүстік және оңтүстік циклондары ықпал етіп, бірқатар аймақта жаңбырдың соңы қарға ұласады, көктайғақ орнап, жел күшейеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Астана және солтүстік өңірлер: боран мен көктайғақ
Елордада 9 қараша күні күн бұлтты болып, жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын түседі. Түнде жауын-шашын күшейіп, желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді. Ауа температурасы түнде 4–6 градус жылы болса, күндіз сынап бағанасы 9–11 градусты көрсетеді.
Ақмола облысында қыс ызғары сезіле бастайды. Өңірдің солтүстігі мен шығысында қатты жауын-шашын түсіп, жаяу бұрқасын мен көктайғақ қатар жүреді. Көкшетауда түнде мол қар мен жаңбыр күтіліп, көшелерде мұз қатады.
Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында да қар аралас жаңбыр жауып, тұман түседі. Жолдарда көктайғақ күшейіп, түнде ауа температурасы кей аудандарда 6 градусқа дейін төмендейді. Павлодар облысының солтүстігі мен орталығында қою тұман байқалып, көру қашықтығы күрт нашарлайды.
Синоптиктер еліміздің басым бөлігінде бірнеше атмосфералық фронттың бір мезгілде өтуіне байланысты жолдарда көктайғақ күшейіп, ауа райы адам танымастай өзгеретінін ескертеді.
Оңтүстік өңірлер: толассыз нөсер мен екпінді жел
Еліміздің оңтүстік өлкелерінде күздің жылы тынысы сақталғанымен, нөсер жаңбыр қаупі бар. Шымкент қаласында және Түркістан облысында күндіз қатты жаңбыр жауып, желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге жетеді. Соған қарамастан, күндізгі ауа температурасы 21–23 градус шамасында жылы болады.
Жамбыл облысында түнгі температура 8–10 градус болса, күндіз 22–24 градусқа дейін көтеріледі. Тау бөктерлерінде екпінді жел мен өткінші жаңбыр күтіледі. Қызылорда облысында түнде және таңертең тұман түсіп, кей жерлерде жаңбыр жауады, күндіз ауа 15–17 градусқа дейін жылынады.
Батыс аймақтар: ауа температурасы күрт төмендейді
Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында ауа райы бірден суыта бастайды. Батыс өңірлерде түнгі ауа температурасы 3–8 градус аязға дейін төмендеп, күндіз небәрі 2–10 градус аралығында болады.
Ақтөбе облысының басым бөлігінде қар аралас жаңбыр жауып, солтүстік-батыс бағыттан соғатын желдің екпіні артады. Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласында таңертең және күндіз жаңбыр жауып, Каспий жағалауында тұман мен қатты жел қатар байқалады.
Орталық, Шығыс және Жетісу: Алакөлдегі дауылды екпін
Қарағанды және Ұлытау облыстарында күн бұлтты болып, өткінші жаңбыр жауады, түнгі уақытта қою тұман түседі. Жезқазған мен Қарағанды қалаларында жел екпіні секундына 20 метрге дейін күшейеді.
Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында қысқа мерзімді жылыну байқалады. Күндіз ауа температурасы 9–17 градусқа дейін көтерілгенімен, жел күшейеді. Семей мен Өскеменде, сондай-ақ облыстың орталық бөліктерінде екпіні секундына 23–28 метрге дейін жететін дауыл күтіледі.
Жетісу облысының Алакөл көлдері маңында оңтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 30 метрге және одан да жоғары деңгейге дейін жетуі мүмкін.
Алматы қаласы мен Алматы облысында күндізгі ауа райы салыстырмалы түрде тұрақты болғанымен, таулы аудандарда Медеу және Бостандық аудандары тұсында екпіні 18 метрге жететін жел соғады. Қонаев қаласында жел 23 метрге дейін күшейеді. Күндіз Алматыда 20–22 градус жылы болады, бірақ өңірдің бірқатар бөлігінде өрт қаупі жоғары деңгейде сақталып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







