Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында 2026 жылдың 10 айындағы бюджет кірістерінің орындалуы мен бөлінген қаражаттың игерілуі, сондай-ақ, өңірде «Кітап оқитын ұлт» жобасының жүзеге асырылуы қаралды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кеңеске облыстық басқармалардың басшылары мен өңірлік департаменттердің жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнебайланыс арқылы қосылды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр және Абай облысындағы «Кітап оқитын ұлт» жобалық офисінің жетекшісі Мерей Қарт баяндады.
Бюджет түсімдері мен жобалардың барысы
Облыстың 2026 жылға арналған бюджет кірістерінің жоспары 542,2 млрд теңгені құрайды. Бұл – өткен жылғы көрсеткіштен 28,7 млрд теңгеге немесе 5,6 пайызға жоғары.
Биылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша бюджетке түскен түсімдер 135,6 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,9 млрд теңгеге артқан. Сонымен қатар өңірде арнайы мемлекеттік қор есебінен 28, инфрақұрылымдық даму қоры арқылы 7 жоба жүзеге асырылып жатыр.
Жиында облыс аумағында қызмет ететін ірі жер қойнауын пайдаланушыларды өндіру жұмыстары жүргізілетін жері бойынша қайта тіркеу мәселесіне де назар аударылды. Өңірдегі 10 ірі компанияның екеуі ғана тиісті қайта тіркеуден өткен. Қалған сегіз компания бойынша жұмысты жандандыру қажеттігі айтылды.
Өңір басшысының тапсырмасы
«Бюджеттің кіріс бөлігін толық орындау және бөлінген қаражатты тиімді игеру – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарының бірі. Жылдың аяқталуына екі айдан аз уақыт қалды. Сондықтан бюджет кірістерін қамтамасыз ету, қаржы тәртібін сақтау және жоспарланған жобаларды уақтылы іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударуымыз қажет. Қала және аудан әкімдері, облыстық басқармалардың басшылары жыл соңына дейін бюджет кірістерін ұлғайту, қолда бар резервтерді пайдалану және бөлінген қаражатты тиімді игеру бойынша жұмысты күшейтуі керек. Басты міндет – бюджет қаражатын жай ғана игеру емес, оның нақты нәтижесін қамтамасыз ету», – деді Берік Уәли.
Аймақ басшысы жауапты басқармалар мен департаменттерге, қала және аудан әкімдеріне бюджет кірістерінің жоспарын толық орындауды, қосымша кіріс көздерін анықтап, салықтық және өзге де түсімдерді ұлғайтуды тапсырды. Сондай-ақ, жер қойнауын пайдаланушылардың міндеттемелерін орындауын бақылауды, кәсіпорындарды өңірде қайта тіркеу жұмыстарын жандандыруды, тұрғын үйлерді сатудан түсетін қаражаттың бюджетке уақтылы түсуін қамтамасыз етуді міндеттеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







