Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жатақханасында журналистика факультетінің 1-курс студенті жұмбақ жағдайда көз жұмып, ел ішінде үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Марқұм бойжеткеннің жақындары оның өз еркімен өмірмен қоштасқанына сенбейді әрі денедегі жарақат іздеріне байланысты полициядан жан-жақты әрі әділ тергеуді талап етуде.
Жатақханадағы түнгі қасірет
Қайғылы оқиға 6 қараша күні кешкі сағат 21:00 шамасында студенттер қалашығындағы №5 жатақханада болған. Төменгі қабаттағы асханада жүрген студенттерге бір қыз жүгіріп келіп, жоғарыда төтенше жағдай орын алғанын жеткізген. Бөлмеге көтерілген құрбылары 18 жастағы Жанель Қарамысованы шкафтың маңында асылған күйде тауып, бірден құтқару қызметі мен полицияны шақырған. Алайда жеткен дәрігерлер оның жан тапсырғанын растады.
Марқұм журналист болуды бала кезінен армандап, білім алу үшін Шымкент қаласынан Алматыға арнайы келген еді. Қайғылы оқиғаның ертеңінде полиция өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын мәлімдеді.
«Арқасы түгел көгерген»: Жақындарының күмәні
Жанель төрт жасында туған анасынан айырылып, оны нағашы тәтесі бауырына басып, өз қызындай өсірген. Қайғыдан қан жұтқан анасы қызының өзіне қол жұмсауы мүмкін емес екенін айтып, күмәнді жайттарды алға тартты. Оның айтуынша, сол күні түсте ғана қызымен ашық-жарқын сөйлескен, оның сөзінен ешқандай уайым немесе қауіп байқалмаған.
Анасы мәйітті тану кезінде қызының денесінен күдікті іздерді көргенін жасырмады. Сараптама орнындағы мамандардың берген уәжі оның көңіліне күдік ұялатқан.
«Арқасының бәрі көгерген. Қолының да кейбір жерлері көгерген, аяқтарында да шамалы іздер болды. Моргтағылар адам қайтыс болғаннан кейін қан бір жерге жиналып, сондай іздер пайда болатынын айтты. Мен ондай маман емеспін ғой, білмеймін. Өзімнің жүрегім ауырып тұрды. Қызымның тек басынан, шашынан сипадым», – деді марқұмның анасы.
Туыстарының сөзінше, Жанель үйін қатты сағынып, күзде бірнеше рет Шымкентке барып қайтқан. Жуырда ауырып қалған кезде дәрі-дәрмекке ақша көп кетіп жатқанын айтып, емделу үшін елге қайтпақ болғанда, кураторы сабақтан жібермей қойғаны да белгілі болды. Оған қоса, студент қыздың өліміне дейін факультетін ауыстыру бойынша деканатқа жүгінгені де анықталған. Бірақ оған нақты не түрткі болғаны әлі күнге жұмбақ.
«Терезеге қарамаңдар!»: Студенттер үйіндегі үнсіздік
Оқиғадан кейін студенттер қалашығында түсініксіз үрей мен жаппай үнсіздік орнады. Студенттердің ортақ чаттарында «бөлмеден мүлдем шықпау, терезеден сыртқа қарамау, жазбаларды өшіру» туралы қатаң ескертулер тараған.
Университетке арнайы барған журналистер болашақ қаламгерлер даярлайтын журналистика факультетіндегі деканаттың тарс жабық тұрғанына, оқытушылар мен қызметкерлердің тілшілерден қашқақтағанына куә болған. Студенттер болса оқу орны әкімшілігімен кикілжіңге қалмау үшін мәселені БАҚ өкілдерімен талқылауға үзілді-кесілді тыйым салынғанын жасырмады.
Жабық есіктер мен қоғамның басты талабы
Жоғары оқу орындарында студенттердің жұмбақ өлімі алғаш рет болып отырған жоқ. Бұған дейін де дәл осы ҚазҰУ қалашығында ректорат ғимаратының 14-қабатынан тағы бір студент құлап, оқиғаның ізі «отбасылық трагедия» деген желеумен жылы жабылған еді.
Ендігі кезекте қоғамды мазалап отырған басты мәселе — жатақхананың жабық есіктерінің артында не болғаны. Егер оқиғада қылмыстық сипат болмаса, оқу орнының басшылығы неге студенттерді қорқытып, үнсіздік режимін орнатты? Буллинг, әлімжеттік, қатарластар немесе басшылық тарапынан психологиялық қысым болды ма деген сауалдарға ешкім ашық жауап бермей отыр.
Жоғары оқу орнының жалған беделін қорғау адам өмірінің құнынан жоғары тұрмауы қажет.
Анасы талап еткендей, құқық қорғау органдары мәселені кезекті бір «суицид» ретінде қағаз жүзінде жауып тастамай, тәуелсіз медициналық сараптаманың әділ өтуін, мәйіттегі жарақаттардың пайда болу табиғатын және қыздың соңғы күндерде кіммен байланыста болғанын мұқият тексеруі тиіс. Жоғары оқу орнының жалған беделін қорғау адам өмірінің құнынан жоғары тұрмауы қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







