Қазақстанда көлік қозғалтқышын ұзақ уақыт бойы қыздыруға салынған заңдағы шектеу алынып тасталғанымен, бұл кез келген жерде моторды сөндірмей тұра беруге болады дегенді білдірмейді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жол жүрісі туралы заңға енгізілген өзгерістер тамыз айында күшіне енген болатын. Құжаттан елді мекендерде қозғалтқышты бес минуттан артық қыздыруға салынған даулы тыйым алынып тасталды. Дегенмен Жол жүрісі қағидаларында тұрғын аймақтарда қозғалтқышы қосулы тұрған көліктің тұрағына тыйым салатын тармақтар әлі де күшінде. Заңгер Абзал Қасымжанов алдағы қыста жүргізушілер қай жерлерде абай болуы керектігін түсіндірді.
Аулада «Тұрғын аймақ» белгісі болмаса да ереже сақталады
Көптеген жүргізушілер аулаға кіреберісте 5.38 «Тұрғын аймақ» белгісі тұрмаса, көлікті қыздыра беруге болады деп қателеседі. Заңгер бұл ұстанымның қате екенін айтып, қағида талаптарына тоқталды.
«Ереженің 124-тармағы тұрғын аймақтарға қойылатын талаптарды аула аумақтарына да тікелей таратады. Сондықтан тиісті белгінің болмауы аулада аталған талаптарды сақтаудан босатпайды», – деп түсіндірді Абзал Қасымжанов.
Қағидалардың 122-тармағының 4-тармақшасы қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған көлікті тұраққа қоюға тыйым салады. Бұл шектеу 124-тармақ арқылы кез келген тұрғын үй ауласына қолданылады. Іштен жанатын қозғалтқышы бар қарапайым көліктер үшін көршілердің шағымдануы міндетті шарт емес, тыйым автоматты түрде жүреді. Тек электромобильдер үшін арнайы ерекшеліктер қарастырылған.
Тұрақ пен жекеменшік аумақтардағы тәртіп
Сарапшы тұрақ орындарына қатысты жағдай олардың қайда орналасқанына байланысты екенін атап өтті. Үй ауласындағы орындар тұрғын аймақ ережелеріне бағынады. Ал ауладан тыс жерде, сауда орталығы немесе дүкен маңында орналасқан тұрақ үйге жақын болғанымен, тұрғын аймақ болып саналмайды.
Жерасты немесе көпдеңгейлі паркингтер бойынша нақты режим бөлек айқындалады. Автотұрақтың жекеменшік аумақта орналасуы жүргізушіні Жол жүрісі қағидаларын сақтау міндетінен босатпайды.
Қандай айыппұл қарастырылған?
Қозғалтқышы қосулы тұрған көлік тұрағы ережесін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 597-бабымен жауапкершілік көзделген. Бірінші рет құқық бұзғандарға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Егер бір жыл ішінде осы қателік қайталанса, жаза көлемі 10 АЕК-ке дейін өседі.
Алайда жауапқа тарту үшін полиция қызметкерлері нақты мән-жайларды дәлелдеуі тиіс. Көліктің нақты қай жерде тұрғаны, қозғалтқышы расымен істеп тұрғаны және жүргізушінің қағиданы бұзғаны дәлелденуі шарт. Тұрақта тұрған көліктің жай фотосуреті айыппұл салуға жеткіліксіз болуы мүмкін.
Тұрғын аймақтан тыс жерде қозғалтқышты қыздыруға бола ма?
Елді мекендердің ауладан тыс бөліктерінде Жол жүрісі қағидаларының 88-тармағының 5-тармақшасын ескеру қажет. Ол егер тұрғындарға кедергі немесе қолайсыздық тудырса, қозғалтқышы қосулы көлік тұрағына тыйым салады.
«Заңның күші жол жүрісі қағидаларына қарағанда жоғары тұрады. Қайшылық туындаған кезде заң нормасы қолданылуы тиіс. Бірақ бұрынғы тыйымның заңнан алынып тасталуы барлық шектеу өздігінен жойылды дегенді білдірмейді», – деді адвокат.
Осылайша, қыс мезгілінде көлік иелері аула ішінде терезенің түбінде көлікті ұзақ уақыт қыздырудан сақ болғаны жөн. Ал ауладан тыс жерлерде қозғалтқыштың шуы мен пайдаланылған газы өзге тұрғындарға тікелей қолайсыздық тудырмауы қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







