Шымкентте Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттерді түсіндіру, сондай-ақ тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдау мақсатында бірқатар кездесу өтті. Іс-шараларға республикалық деңгейдегі мемлекеттік орган өкілдері, қоғам қайраткерлері, медицина қызметкерлері, жастар және этнос өкілдері қатысты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бірінші жұмыс тобының өкілдері – Ұлттық құрылтайдың I шақырылымының депутаты Б.М. Нарымбетов, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы С.Т. Дәулеталин және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов Сайрам тұрғын алабының тұрғындарымен Өзбек драма театрында кездесті.
Кездесу барысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері талқыланды. Б.М. Нарымбетов Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыруда мемлекеттік органдармен қатар қоғамның белсенділігі мен әрбір азаматтың жауапкершілігі маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі
Мұнан соң делегация өкілдері қалалық перинаталдық орталықтың медицина қызметкерлерімен кездесті. Кездесуде ана мен бала денсаулығын қорғау, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық әлеуетін нығайту мәселелері қаралды.
«Саланың басты міндеті – халықты сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету», – деп атап өтті Бауыржан Жүсіпов.
Қоғамдық келісім және жастар бастамалары
Екінші жұмыс тобының өкілдері – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Е.Ж. Тұяқбаев, Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Б.Р. Парманов, Қазақстанның Халық кеңесінің мүшесі Ә.Р. Иманқұлов және ҚР Ұлттық экономика министрлігі Арнайы бағдарламалар комитетінің төрағасы Б.М. Сыздықов «Қоғамдық келісім» ғимаратында этнос өкілдерімен жүздесті. Кездесуде қоғамдық бірлік, этносаралық татулық пен азаматтық келісімді нығайту мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде студенттермен кездесу өтті. Қатысушылар білім мен ғылымды дамыту, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау, жастардың кәсіби әлеуетін арттыру және олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы жөнінде пікір алмасты.
Жиындар барысында қатысушылар Жолдауда көтерілген бастамалар бойынша өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Мұндай ашық диалогтар мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын түсіндіруге және өңір тұрғындарының пікірін ескеруге мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







