Жоғары аудиторлық палата ғылым саласына бөлінген бюджет қаржысынан 51 миллиард теңгенің заңбұзушылығын әшкерелегеннен кейін, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қызметінен кетуге дайын екенін мәлімдеді. Құрылтай мінберінде журналистердің өткір сұрақтарына тап болған министр өзін солдатқа теңеп, кез келген шешімге мойынсұнатынын айтып ақталды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
51 миллиард қайда кетті: Аудиторлардың соққысы
Аудиторлық тексерудің қорытындысын Құрылтайда жариялаған палата төрағасы Әлихан Смайылов отандық ғылымды қаржыландырудағы сорақы кемшіліктерді ашып салды. Тексеру қорытындысына сай, салада 51 миллиард теңгенің қаржылық заңбұзушылығы тіркелген. Бұған қоса, 47 миллиард теңге тиімсіз жоспарланып, пайдаланылса, тағы 16 миллиард теңге көлемінде нақты шығындар мен жіберіп алынған пайда фактілері анықталды.
Соңғы жылдары мемлекет қазынасынан ғылымға бөлінетін қаржы көлемі 122 миллиардтан 262 миллиард теңгеге дейін өскенімен, одан қайтарым болмаған. Тіпті жоспарланған 393 ғылыми-техникалық тапсырманың 149-ы мүлдем орындалмай, 67 миллиард теңге құр босқа шашылған. 141 коммерцияландыру жобасының небәрі 27 пайызы ғана соңғы үш жылда өнімін тұрақты сата алған. Аудиторлар 36 факті бойынша әкімшілік іс қозғап, аса ірі үш деректі құқық қорғау органдарына өткізіп жіберді.
«Бүгін бармыз, ертең жоқпыз»: Министрдің жауабы
Осындай ауқымды былықтан соң БАҚ өкілдері Саясат Нұрбектен өз еркімен қызметтен кетуге дайын-дайынын сұрады. Шенеунік мәселені шешуге бар күшін салғанын айтып, тағдырын жоғары биліктің қолына тапсырды.
«Министрдің жолы жіңішке дейді ғой. Бүгін бармыз, ертең жоқпыз. Бұл шешімді басшылық қабылдайды. Біз қолымыздан келгеннің бәрін жасап жатырмыз, нәтижелер де жоқ емес. Әрине, жұмыс болған соң кемшіліктер де кездеседі. Мен министр ретінде кез келген шешімге қашан да дайынмын, біз солдат сияқты жұмыс істейміз», – деді Саясат Нұрбек.
Министр ведомствоның күнделікті жұмысын жалғастыра беретінін айта келе, қызметке тағайындалғанда естіген бір анекдотты мысалға келтірді. Оның айтуынша, студент кітапханаға келіп Қазақстан ғылымы туралы кітап сұрағанда, кітапханашы «Қиял-ғажайып шығармалар үшінші қабатта» деп жауап берген екен.
Анекдотпен бүркелген жауапкершілік
Халық қазынасының 51 миллиард теңгесі талан-таражға түсіп, ғалымдардың өздері грант бөлетін кеңестерде отырып мүдделер қақтығысын жасағаны анықталған сәтте, жауапты министрдің анекдот айтып ақталуы қоғамда наразылық туғызды. Отандық ғылымды дамытамыз деген желеумен бөлінген жүздеген миллиард қаржы қайтарымсыз желге ұшқан.
Министрліктің «біз солдатпыз, жоғары жақ шешеді» деп мәлімдеуі — тікелей жауапкершіліктен жалтарудың классикалық көрінісі. Мемлекет миллиардтарды нақты нәтиже шығару үшін сеніп тапсырды. Енді аудиторлар тапқан заңбұзушылықтар қағаз жүзінде қалмай, қаржыны оңды-солды шашқан шенеуніктер мен жауапты тұлғалардың заң алдында нақты жауап беретін уақыты жетті. Министр креслосы сақталған күннің өзінде, жоғалған миллиардтардың сұрауы тоқтамауы тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







