Электромобильдердің тек таза токпен қозғалатын көлік қана емес, төтенше жағдайда тұтас бір баспананы электр энергиясымен жабдықтайтын генератор қызметін атқару мүмкіндігі бүгінде миф емес, нақты тәжірибеге айналып келеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Екіжақты зарядтау қалай жұмыс істейді?
Көптеген заманауи электромобильдер екіжақты зарядтау (bidirectional charging) функциясымен жабдықталған. Мұндай технология көлік батареясына токты қабылдап қана қоймай, жинақталған қуатты кері бағытта сыртқа шығаруға жол ашады. Соның арқасында көлік төтенше жағдайлар кезінде уақытша үй электр станциясына айнала алады.
Жүйені үй желісіне қосу үшін электр қалқанын жаңарту және кәсіби маманның көмегі қажет болады. Сонымен қатар баспана иесі қуат көзіне алдымен қай тұрмыстық техникаларды қосатынын өзі шешеді. Тұрмыста осындай тәсілді қолданып көрген көлік иелері бұл шешімнің апатты жағдайларда аса тиімді екенін айтады.
«Silverado көлігіндегі 240 вольттық розетканы былтыр қатты дауыл кезінде үйге 7 000 ватт қуат беру үшін пайдаландық. Ол алты күн бойы тоқтаусыз жұмыс істеді. Көршілеріміз тағамдары бұзылмасын деп біздің тоңазытқышқа тасыды», – деп жазды Reddit желісінің қолданушыларының бірі.
Tesla мен Ford ұсынған дайын экожүйе
Кейбір ірі өндірушілер аталған функцияны көліктің басты артықшылықтарының бірі ретінде ұсынуда. Мәселен, Tesla компаниясының Model Y және Cybertruck модельдері Powershare технологиясымен тікелей байланысқан. Мұндай көліктер Powershare Gateway немесе қабырғаға бекітілетін Powerwall 3 құрылғысы арқылы үйге кемінде екі күн бойы электр қуатын жеткізеді.
Сондай-ақ энергия көліктен тек үйге ғана емес, қоғамдық ортақ желіге де берілуі мүмкін. Қуатты ортақ желіге кері сату мүмкіндігі Cybertruck иелеріне ай сайынғы коммуналдық шығынды үнемдеуге жағдай жасайды.
Дәл осындай бағытта Ford компаниясының 2025 жылғы F-150 Lightning моделі де белсенді қолданылуда. Ол электр тогын үйге қажетті айнымалы токқа (AC) айналдыру үшін 19,2 кВт қуатты Ford Charge Station Pro және арнайы Home Integration System құрылғыларын пайдаланады.
Нарықтағы модельдер және негізгі сақтық шаралары
Бүгінде екіжақты қуат алмасу мүмкіндігі бар көліктердің қатары тек пикаптармен шектелмейді. Жаңартылған 2026 жылғы Nissan Leaf, Kia EV9 және Cadillac Escalade iQ модельдері де баспанаға немесе сыртқы құрылғыларға токты кері беруге толық қауқарлы.
Электромобиль тұрғын үйдің негізгі қуат көзіне айнала алмағанымен, авария мен ауа райының қолайсыздығы кезінде жарықсыз қалдырмайтын сенімді резерв қызметін атқарады.
Дегенмен мамандар көлікті тұрақты үй генераторы ретінде үздіксіз қолдануға кеңес бермейді. Себебі жиі қайталанатын зарядтау мен босату циклдары литий батареяларының тозуын жылдамдатуы мүмкін. Сондықтан бұл мүмкіндікті төтенше жағдай кезіндегі уақытша қауіпсіздік кепілі ретінде пайдаланған орынды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







