«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қатысты күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
2026 жылғы 11 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті аталған екі компанияның басқарма төрағалары ұсталғанын ресми түрде растады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Олардың кінәсі сот үкімімен анықталуы тиіс.
Дегенмен бұл жағдай мемлекеттік активтерді басқару мен қаражатты жұмсау жүйесіндегі ашықтық пен бақылауды күшейту қажеттігін көрсетеді. Автордың, экс-депутат Нұртай Сабильяновтың пайымынша, «Самұрық-Қазына» қоры мен оның портфельдік компанияларының, соның ішінде ҚТЖ қызметіне тәуелсіз әрі кешенді аудит жүргізу қажет. Сонымен қатар соңғы 10 жылда мемлекет тарапынан экономика мен инфрақұрылымды дамытуға бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуын тексерген жөн.
Сатып алу жүйесі мен бір көзден алу тәсілі
Бірінші. «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу жүйесін тексеру қажет. Әсіресе бір көзден сатып алу тәсіліне ерекше назар аудару керек.
Қордың ресми есебіне сәйкес, 2025 жылы сатып алу шарттарының жалпы сомасы 3 трлн 997 млрд теңгені құраған. Оның ішінде 2 трлн 481 млрд теңге немесе 62 пайызы бір көзден сатып алу арқылы жүзеге асырылған.
Бұл – өте үлкен қаражат. Бір көзден сатып алу кезінде ашық конкурс өткізілмей, заңнамада көзделген негіздер бойынша тікелей шарт жасалады. Мұндай тәсіл кейбір жағдайларда қажет болғанымен, оның үлесінің жоғары болуы сатып алудың негізділігіне, бағалардың нарықтық құнына және мердігерлерді таңдаудың ашықтығына қатысты сұрақтар туғызады. 2025 жылғы 31 желтоқсанда қордың өзіндік (меншікті) капиталы 27,18 трлн теңгені құраған. Мұндай ауқымды активтерді басқаратын ұйымның қызметі барынша ашық әрі қоғам алдында есепті болуы тиіс.
ҚТЖ-ның қаржылық жағдайы және министрлікке бағынуы
Екінші. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қаржылық және операциялық қызметіне кешенді аудит жүргізу керек. ҚТЖ – еліміздің стратегиялық маңызы бар компаниясы. Оның қарызы 3,1 трлн теңгені құрайды (1.01.2026 ж.). Сондықтан компанияның қаржылық жағдайын, қарыздарын, инвестициялық жобаларын, жылжымалы құрамды жаңарту мен теміржол инфрақұрылымын дамытуға жұмсалған қаражатты тексеру қажет.
Сонымен қатар жолаушылар вагондарының тозуы, жаңа вагондарды сатып алу бағасының негізділігі, жүк тасымалы тарифтерінің қалыптасуы, теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарының сапасы мен мерзімі де назардан тыс қалмауы керек. ҚТЖ-ны Көлік министрлігінің тікелей басқаруына беру мәселесін де қарастырған жөн. Бұл ретте теміржол саласындағы мемлекеттік саясат, реттеу және ұлттық компания қызметін бақылау функцияларының тиімді бөлінуі маңызды.
Вокзалдарды жаңғырту және мемлекеттік сатып алу
Үшінші. 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасын тексеру қажет. Еліміз бойынша 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңадан салу жұмыстары қолға алынған. Оған бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын, мердігерлерді таңдау тәртібін, құрылыс сапасы мен мерзімін бақылау қажет.
Мысалы, Абай облысындағы Семей, Аягөз қалалары мен Ақтоғай кентіндегі вокзалдарды реконструкциялау және салу жұмыстары әлі толық аяқталған жоқ. Осы үш нысан бойынша бөлінген қаражаттың игерілуін, бас және қосалқы мердігерлердің міндеттемелерін, құрылыс жұмыстарының сапасы мен орындалу мерзімін тексеру керек. Жалпы, көлік саласындағы, соның ішінде ҚТЖ-ға қатысты мәселелерді Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында және Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің отырыстарында бірнеше рет талқылап, тиісті ұсынымдар бергенбіз. Нәтижесінде бірқатар заңнамалық өзгерістер де қабылданды.
Төртінші. Мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі кемшіліктерді жою қажет. Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы мемлекеттік сатып алу шарттарының жалпы сомасы 8,1 трлн теңгеге жеткен. Бұл – халықтың, салық төлеушілердің қаражаты. Сондықтан оның әрбір теңгесі тиімді әрі мақсатты жұмсалуы тиіс. Мемлекеттік сатып алу кезінде бас мердігердің келісімшарттағы міндеттемелердің кемінде 70 пайызын өзі орындауына, ал қосалқы мердігерлерге берілетін 30 пайыз жұмыстың көлемі мен сапасына ерекше назар аудару қажет. Қосалқы мердігерлердің біліктілігі мен нақты мүмкіндіктері де тексерілуі тиіс. Сондай-ақ ашық конкурс өткізілмей, бір көзден сатып алу тәсілінің қандай негіздермен қолданылғанын және келісімшарт бағаларының нарықтық құнға сәйкестігін анықтау керек. Өңірлерде мемлекет қыруар қаражат бөлгенімен, құрылысы аяқталмаған, пайдалануға берілмеген немесе сапасы сын көтермейтін нысандар кездеседі. Олардың себептерін анықтап, жауапты тұлғаларды заң аясында жауапкершілікке тарту қажет.
Жүйелі өзгерістер мен қоғамдық бақылау
Қорытындылай келе, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жекелеген тұлғаларды жауапқа тартумен шектелмеуі тиіс. Ең бастысы – оған жол беретін жүйелік себептерді жою. Мемлекеттік қаражатты бөлу, сатып алу, құрылыс жүргізу және инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде ашықтық пен қоғамдық бақылауды күшейту қажет. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу тәртібін бірыңғай заң аясында реттеу мүмкіндігін қарастырған жөн.
«Мемлекет қаржысы – жекелеген шенеуніктер мен компания басшыларының жеке мүддесіне қызмет ететін қаражат емес, ол – халықтың ақшасы. Сондықтан әрбір теңгенің тиімді әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз етуіміз керек», – деп атап өтті экс-депутат Нұртай Сабильянов.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!





