Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Халықаралық валюта қорының сауда шектеулері жөніндегі индексі 2025 жылы бірден 60%-дан астам өскенімен, жаһандық тауар айналымы керісінше қарқынды өсім көрсетті. Түрлі кедергілер мен баж салықтарының көбеюіне қарамастан, 2024 жылдың соңынан бері әлемдік сауданың доллардағы құны 27%-ға артты, оның басты қозғаушы күшіне жасанды интеллект инфрақұрылымы айналды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Протекционизм қысымы және жаһандық сауда бумы
Соңғы екі жылда ірі мемлекеттер өндірісті ел ішінде қалдыруға бағытталған қатаң шараларға көшті. АҚШ президенті Дональд Трамп созылмалы сауда тапшылығын ұлттық қатер деп жариялап, шетелдік тауарларға баж салығын күшейтті. Үндістан өзін-өзі қамтамасыз етуге негізделген «свадеши» бағытын алға тартты. Еуропалық Одақ болат импортына салынатын бажды екі есеге дейін көтеруге кіріссе, Мексика азиялық тауарларға қосымша алымдар енгізді.
Осындай тосқауылдарға қарамастан, әлемдік сауда керісінше өркендеп келеді. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында сауда айналымы жылдық есеппен 18%-ға ұлғайды. The Economist сарапшыларының Дүниежүзілік сауда ұйымының жіктемесіне сүйеніп жасаған есебіне сәйкес, дәл осы кезеңде жасанды интеллектке қатысты өнімдер саудасы бірден 55%-ға қарқындаған. Бүгінде жасанды интеллект жабдықтары әлемдік импорттың төрттен бір бөлігін (25%) құрайды, бұл көрсеткіш 2023 жылы небәрі 15% деңгейінде болған еді.
«Жасанды интеллект инфрақұрылымын жедел дамытуға ұмтылған үкіметтер шетелдік серверлер мен микрочиптерді кедендік баждан іс жүзінде босатты. Соның салдарынан қарапайым тауарларға шектеу көбейгенімен, озық технологиялар еркін сауданың жаңа дәуірін қалыптастырып жатыр», – деп жазады The Economist басылымы.
АҚШ-тағы импорт толқыны және алып тапшылық
Құрама Штаттарда компьютерлерге, телекоммуникация құралдарына және деректер орталықтарын салуға бағытталған шығындар елдің жалпы ішкі өнімінің 2,5%-ына жетті. Федералдық резерв жүйесінің есебінше, жоғары технологиялық жабдықтарға құйылған әрбір 1 доллар инвестицияның шамамен 90 центі импорттық өнімдерге жұмсалады.
Осы қарқынмен АҚШ-тың жасанды интеллектке байланысты тауарлар импорты 2026 жылы 1 триллион доллардан асуы мүмкін. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында бұл санаттағы импорт 69%-ға артса, басқа тауарлардың кірісі керісінше 10%-ға құлдыраған. Қазір әлем бойынша өндірілетін серверлердің, компьютерлік бөлшектер мен желілік техниканың 40%-ын жалғыз АҚШ тұтынуда.
Миннеаполис Федералдық резерв банкінің зерттеуі де қызық деректі алға тартады. Компьютерлік құрылғылар импортының 97%-ы және желілік техниканың 85%-ы баж салығынан толық босатылған санатқа кіреді. Салдарынан АҚШ-та жасанды интеллект жабдықтарына қолданылған нақты баж салығының үлесі 2%-ға да жетпеген. Ал технологияға қатысы жоқ кәдімгі тауарлар бойынша бұл мөлшерлеме 10%-ға жуықтайды.
Өндірісті елге қайтарудың шегі және нарық сабағы
Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының (CSIS) бағалауынша, болат, алюминий және мысқа салынған шектеулер АҚШ-тағы деректер орталықтарының құрылыс шығындарын 2030 жылға қарай 130 миллиард долларға қымбаттатуы мүмкін. Ал жартылай өткізгіштерге жаппай 25 пайыздық баж енгізілсе, бұл шығынға тағы 360 миллиард доллар қосылмақ.
«Тауар саудасындағы тапшылық сапалы әрі өнімді инвестициялармен қатар жүре береді. Еркін сауда америкалық компанияларға микрочиптерді жобалауға, жасанды интеллект зерттеулеріне және бағдарламалық қамтымға көңіл бөлуге мүмкіндік береді, ал барлық өндірісті ел ішіне күштеп қайтару әрекеті күрделі жеткізу тізбектеріне тіреліп, шектеулі екенін көрсетті», – деп түйіндейді сарапшылар.
Сайлау кезіндегі сауалнамалар да сайлаушылардың үштен екісі баж салықтары мен шектеулер ел экономикасына кері әсер етті деп санайтынын көрсетті. Саясаткерлер дәстүрлі өндірісті қорғау үшін шекараға кедендік тосқауыл қойғанымен, жасанды интеллект дәуірі жаһандану үдерісін тоқтату мүмкін емес екенін тағы бір мәрте дәлелдеп берді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







