АҚШ Ұлттық денсаулық сақтау институты (NIH) қолдауымен зерттеу жүргізген ғалымдар сал ауруына шалдыққан адамдардың бір мезетте сөйлеп әрі дене қимылдарымен ым-ишара жасауына мүмкіндік беретін жаңа ми-компьютер интерфейсін (BCI) жасап шығарды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұған дейін қолданылған нейроинтерфейстер тек сөйлеуді немесе тек жеке қозғалысты ғана ажырата алатын. Ал Сан-Францискодағы Калифорния университетінің (UCSF) мамандары ұсынған жаңа жүйе адамның табиғи қарым-қатынас процесін барынша дәл қайталап, бір уақытта екі әрекетті де виртуалды аватар арқылы жүзеге асыруға жол ашты.
Көпдеңгейлі қарым-қатынасты жаңғырту
Инсульт алған немесе бүйірлік амиотрофиялық склерозға (БАС) шалдыққан науқастардың дауыс аппараттары мен денесі толық жансызданып қалады. Мұндай жағдайда сөйлеу де, қимылдау да мүмкін болмайды. Қазіргі медицинада қолданылатын көз жанарының қозғалысын қадағалайтын технологиялар тым баяу жұмыс істейді және науқасты қатты шаршатады.
Зерттеу жетекшісі, UCSF нейрохирургия профессоры Эдвард Чанг адамдар арасындағы тірі сұхбаттың табиғаты өте күрделі екенін еске салды.
Чанг сұхбат кезінде ми қыртысының тұтас қозғалыс бөлігі белсенді болатынын атап өтті:
«Әңгімелесу тек айтылған сөздермен ғана шектелмейді. Бұл – бүкіл қозғалыс қыртысын қамтитын көпдеңгейлі, динамикалық процесс. Біздің зерттеуіміз ми-компьютер интерфейсінің науқастарға осы еркіндік пен икемділікті қайтарып бере алатынын дәлелдейді».
Ми сигналдарын ажырату қалай жүзеге асты?
Ғалымдар үш науқастың миының қозғалыс қыртысына 253 электродтан тұратын жұқа электрокортикографиялық (ECoG) матрицасын орнатты. Жасанды зерде алгоритмдері қатысушылар іштей бірдеңе айтуға немесе қол-аяғын қимылдатуға талпынғанда пайда болатын ми белсенділігін талдап үйренді.
Алынған сигналдар дербестендірілген цифрлық аватарға жіберілді. Нәтижесінде экрандағы кейіпкер науқастың ойындағы сөзді дауыстап айтып қана қоймай, қолын бұлғау, бас изеу немесе түрлі ым-ишараны сөйлеумен қатар орындап отырды.
Сынақ барысында инсульт алған науқас диалог кезінде сөздер мен қимылдарды 100 пайыз дәлдікпен жеткізсе, БАС дертіне шалдыққан қатысушының ым-ишарасы 85, ал айтпақ болған сөз тіркестері 75 пайыз дәлдікпен танылды.
Сал ауруын емдеудегі жаңа белес
Зерттеушілер бұл технологияны сынақ залынан тыс, күнделікті өмірде қолдануға болатындай ықшамдауды көздеп отыр. Мамандардың айтуынша, болашақта сымсыз жұмыс істейтін жүйе ауыр дертке шалдыққан жандардың отбасымен және қоғаммен толыққанды араласуына мүмкіндік береді.
Бұл жетістік сал ауруы салдарынан оқшауланып қалған адамдардың әлеуметтік бейімделуіне және цифрлық кеңістікте өзін еркін сезінуіне жол ашатын маңызды қадам болып саналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







