Кейінгі кезде желілік құрылғылардың қауіпсіздігіне қатысты мәселелер жиілеп, нарықтағы танымал роутерлердегі осалдықтар туралы алаңдаушылық күшейді. Бұған қоса интернет-провайдерлер беретін стандартты аппараттардың төмен жылдамдығы мен қамту аймағының шектеулілігі көптеген тұтынушының көңілінен шықпайды. Осындай жағдайда ескі компьютерді немесе шағын платаны өз қолыңызбен дербес роутерге айналдыру үрдісі қайта жандана бастады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Дербес роутердің артықшылығы мен аппараттық мүмкіндігі
Интернет қызметін ұсынатын компаниялар әдетте тұтынушыларға арзан әрі есептеу қуаты өте төмен микропроцессормен жабдықталған роутерлер береді. Мұндай аппараттар желіге бірнеше гаджет қосылғанда немесе жүктеме артқанда жылдамдықты бәсеңдетіп, байланыс сапасын нашарлатады. Ал ескі компьютер базасында өз қолыңызбен жасалған DIY роутері интернет трафигін өз құрылғыңыздың толық қуатымен өткізуге мүмкіндік береді.
Жобаны жүзеге асыру үшін аса қымбат бөлшектер іздеудің қажеті жоқ. Кез келген ескі жүйелік блок, mini PC немесе Raspberry Pi мен LattePanda Mu секілді шағын тақталар желілік бағдарламалар үшін жарамды негіз бола алады. Мәселен, Gamers Nexus техникалық командасы дербес роутер сынағы кезінде төртінші буындағы Intel процессоры мен 32 ГБ DDR3 жедел жадын қолданды. Бұл бағыт үшін мұндай параметр тым артық болғанымен, аналық платадағы қосымша PCIe ұяшықтары желілік карталарды еркін жалғауға жол ашады.
Дербес құрастырылған роутер арзан құрылғылардағы әлсіз процессорларға тәуелді болмай, желі жылдамдығын толық қуатында өткізуге мүмкіндік береді.
Мұндай шешімдер кәдімгі роутерді толық алмастыра алады немесе сымсыз интернет сигналын кеңейтетін қосымша кіру нүктесіне (access point) айналады. Егер үй ішінде тек қамту аймағын ұлғайту қажет болса, қолданыстан шыққан ескі зауыттық роутердің бағдарламалық жасақтамасын өзгерту де жеткілікті.
Қауіпсіздік тәуекелі және дербес бақылау міндеті
Өз қолыңызбен жиналған желілік жабдықтың артықшылығы көп болғанымен, жауапкершілігі де бірнеше есе жоғары. Желіні құру үшін арнайы жеңілдетілген операциялық жүйені орнатып, нұсқаулықтарға сүйене отырып жүйені дербес баптау талап етіледі.
Ең үлкен қауіп киберқауіпсіздік саласында жатыр. Қазіргі таңда осалдықтарды іздеу үшін жасанды интеллект пен ірі тілдік модельдер белсенді қолданылады. Бұл бағдарламалық кемшіліктердің өте жылдам әрі дәл анықталуына әкеп соқтырады. Егер иесі құрылғының жаңартуларын тұрақты қадағалап отырмаса, бүкіл үй желісі кибершабуылдардың нысанасына айналуы ықтимал.
«Дербес роутерді пайдалану технологияны толық бақылауға мүмкіндік береді, алайда жүйе істен шыққанда оны қалпына келтіру міндеті толығымен пайдаланушының мойнына түседі», – деп жазады BGR сарапшысы Джоэл Лойндс.
Провайдер талаптары және жүйені қосу
Дербес роутерге көшпес бұрын байланыс операторының желілік талаптарын біліп алу маңызды. Кейбір провайдерлер желіге тек өздері берген модем арқылы ғана қосылуға рұқсат береді. Осындай жағдайда модем мен роутер біріктірілген құрылғыны «көпір режіміне» (bridge mode) ауыстыру немесе IP passthrough баптауын қосу қажет болады.
Техникалық бейімділігі бар әрі жеке деректерін қатаң бақылауда ұстағысы келетін қолданушылар үшін бұл тәсіл тиімді балама саналады. Бірақ уақыт бөлгісі келмейтін және күрделі параметрлермен жұмыс істеуге дайын емес жандарға сапалы дайын зауыттық роутерді таңдаған әлдеқайда қолайлы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







