Перуде ғалымдар байырғы қауымдастықтармен күш біріктіріп, Амазонка ормандарының экожүйесі үшін маңызы орасан шақпайтын жабайы араларды жойылып кету қаупінен қорғауға кірісті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ормандардың өмірін ұстап тұрған қанаттылар
CNN арнасының зерттеуіне сәйкес, аталған ерекше аралар жер бетіндегі ең қорғансыз әрі ұзақ уақыт бойы назардан тыс қалған түрлердің қатарына жатады. Химиялық биолог әрі Amazon Research Internacional ұйымының жетекшісі Роса Васкес Эспиноза олардың экожүйеге тигізер пайдасы өлшеусіз екенін мәлімдеді.
«Аталған аралар — Амазонкадағы тіршіліктің басты тірегі. Олар осы өңірдегі аса маңызды дақылдарды тозаңдандыруда теңдессіз нәтиже көрсетеді. Сонымен қатар ормандар мен ағаштардың жаңарып, сақталып тұруына ықпал ете отырып, көмірқышқыл газын сіңіру процесіне жанама түрде зор үлес қосады», – деді Роса Васкес Эспиноза.
Тістеу арқылы қорғанатын жәндіктер
Атауы «шақпайтын ара» делінгенімен, олардың анатомиялық шаншары бар. Алайда ол өте кішкентай әрі өзін қорғауға жарамсыз болғандықтан, жәндіктер жауларынан тек тістеу арқылы сақтанады. Бүгінде дүниежүзі бойынша шақпайтын аралардың 600-ге жуық түрі құжатталған. Оның кемінде 175 түрі дәл осы Перу аумағын мекендейді. Осыған байланысты Оңтүстік Америка елі осы аралардың биологиялық әртүрлілігі бойынша әлемдегі ең негізгі ошақ саналады.
Ғалымдардың есебінше, Амазонкадағы жабайы өсімдіктер мен ағаштардың кемінде 80 пайызы осы аралардың арқасында өсіп-өнеді. Олардың арасында адамзат күнделікті тұтынатын кофе және какао да бар.
Байырғы халықтың дәстүрі мен емдік бал
Амазонка қойнауын мекендейтін ашанинка және кукама секілді жергілікті қауымдастықтар шақпайтын араларды ежелден бері өсіріп келеді. Тұрғындар олардың балы мен тозаңын тағам әрі дәрі-дәрмек ретінде тұтынса, жабысқақ ара желімін тұрмыста шам мен жебе жасауға кеңінен пайдаланған.
Лабораториялық зерттеулер бұл аралар өндіретін балдың химиялық құрамы ерекше екенін растады. Оның құрамында қабынуға, түрлі патогендерге қарсы тұра алатын емдік қосылыстар мол.
«Жабайы аралар — ғасырлар бойы біздің отбасымыздың бір мүшесіндей болып келді. Алайда соңғы жылдары олардың табиғатта сиреп бара жатқаны қатты алаңдатады», – деп атап өтті Eco Asháninka жергілікті бірлестігінің өкілдері.
Тарихта алғаш рет жәндіктерге заңды құқық берілді
Қазіргі таңда орманды жаппай отау, климаттың өзгеруі, ауыл шаруашылығында улы химикаттарды шамадан тыс қолдану және сырттан әкелінген басқыншы еуропалық аралармен бәсекелестік жергілікті ара тұқымының күрт кемуіне әкелді.
Экологтар мен ғалымдардың көпжылдық бастамасынан соң Перуде бұрын-соңды болмаған заңнамалық қадамдар жасалды. Ел үкіметі шақпайтын аралар мен олар қоректенетін өсімдіктер дүниесін ұлттық қазына деп жариялады. Ал Сатипо провинциясы мен Наута муниципалитеті әлемде тұңғыш рет жәндіктерге заңды құқық беріп, олардың таза, қауіпсіз ортада өмір сүруін мемлекеттік деңгейде бекітті. Заңнама аясында адамдар бұл аралардың тіршілік ортасын қорғау үшін олардың атынан сотқа шағым түсіре алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







