Қазақстан Marsh CFA Institute Global Pension Index 2026 халықаралық зейнетақы жүйелері рейтингінде 55 ел мен аумақтың ішінде 29-орынға ие болды. Еліміз 100 балдан 64,8 балл жинап, АҚШ, Испания, Қытай, Жапония, Италия және Оңтүстік Кореяны артта қалдырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Рейтингті түзу барысында сарапшылар зейнетақы төлемдерін, ұзақмерзімді қаржылық тұрақтылықты және зейнетақы қорларын басқару сапасын бағалаған.

Қаржылық тұрақтылық және басқару сапасы
Қазақстан ең күшті позициясын зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығы көрсеткіші бойынша көрсетті. Бұл өлшем бойынша еліміз 74,4 балл жинап, әлемде 8-орынды иеленді. Бұл ұзақмерзімді келешекте зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ету қабілетіне берілген бағаны білдіреді.
Тағы бір жоғары нәтижеге Қазақстан зейнетақы жүйесін реттеу және басқару сапасы бойынша қол жеткізді – 100 балдан 83 балл және 19-орын.
«Қазақстанның зейнетақы жүйесі түрлі табыс деңгейіндегі азаматтар үшін салықтар ұсталғаннан кейін жоғалған табысты зейнетақымен алмастырудың айтарлықтай жоғары коэффициентін қамтамасыз етеді, сондай-ақ жұмыскерлерді кәсіби зейнетақы бағдарламаларымен кеңінен қамтумен сипатталады. Бұдан басқа, жүйе тиімді реттеу мен басқарумен, зейнетақы жүйесіне қатысушылардың құқықтарын қорғаудың жоғары деңгейімен және азаматтарды жақсы жолға қойылған ақпараттандырумен ерекшеленеді», – делінген сарапшылардың қорытындысында.
Рейтинг туралы
Marsh CFA Institute Global Pension Index 2026 – әлемнің 55 зейнетақы жүйесін жеткіліктілік, тұрақтылық және тұтастық көрсеткіштері бойынша салыстыратын жыл сайынғы халықаралық рейтинг.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







