Швейцариялық Novartis фармацевтикалық компаниясы әзірлеген жүрек-қан тамырлары дертіне қарсы үміт артқан Пелакарсен (Pelacarsen) препараты соңғы клиникалық сынақта күткен нәтижені көрсетпеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Әлем бойынша 1 миллиардтан астам адамда кездесетін тұқым қуалайтын қауіпті липопротеин деңгейін төмендеткенімен, бұл дәрі инфаркт пен инсульт қаупін сейілте алмаған.
Жеті жылға созылған ауқымды зерттеу
Медицина әлемінде үлкен үміт тудырған Lp(a)HORIZON клиникалық сынағына 42 елден 8 300-ден астам науқас қатысты. Зерттеуді Кливленд клиникасының мамандары басқарды. Сынақ нәтижелері Чикагода өткен Америка жүрек қауымдастығының ғылыми отырысында жарияланып, беделді The New England Journal of Medicine журналында жарық көрді.
Пелакарсен препараты қандағы генетикалық липопротеин (a) немесе Lp(a) мөлшерін орта есеппен 78 пайызға дейін айтарлықтай төмендеткен. Алайда бұл көрсеткіш жүрек-қан тамырлары ауруларының азаюына еш ықпал етпеді. Дәрі қабылдаған топтағы науқастардың 12,3 пайызы ауыр кардиологиялық асқынуға ұшыраса, плацебо алған топта бұл көрсеткіш 12,1 пайыз болған. Яғни препарат плацебодан еш артықшылық таныта алмады.
Зерттеу жетекшісі, Кливленд клиникасының кардиологы Стивен Ниссен ғылыми орта бұл жаңалықты күтпегенін ашық айтты.
«Бұл жай ғана кішігірім сәйкессіздік емес. Дәрі нақты нәтижеге мүлде әсер етпеді. Әрі мұндай жағымсыз қорытындыны ешкім естуге дайын болған жоқ», – деді доктор Ниссен.
Ғалымдар сәтсіздіктің себебін қалай түсіндіреді?
Липопротеин (а) – адам ағзасында табиғи жолмен тұқым қуалайтын жабысқақ май тәрізді ақуыз. Оны емдәммен немесе кәдімгі холестеринді төмендететін дәрілермен азайту мүмкін емес. Сондықтан бұл бағыттағы препарат медицинада нағыз серпіліс саналатын блокбастерге айналуы тиіс еді.
Мамандар препараттың сәтсіздікке ұшырауына бірнеше фактор себеп болуы мүмкін деп санайды. Біріншіден, зерттеуге қатысқан науқастар бұрыннан ауыр жүрек сырқатына шалдыққан. Екіншіден, олардың әдеттегі «жаман холестерині» өзге дәрілердің көмегімен жақсы бақылауда болған. Үшіншіден, инсульт пен инфаркт қаупін жою үшін липопротеин деңгейін 78 пайыздан да көбірек төмендету қажет болуы мүмкін.
«Бұл аталған ақуыз маңызды емес дегенді білдірмейді. Біз оның ағзадағы механизмдерін әлі де терең зерттеуіміз керек. Сондықтан басқа зерттеулерге қатысып жатқан науқастарға емді тоқтатпауға кеңес беремін», – деп атап өтті доктор Стивен Ниссен.
Фармацевтика нарығындағы үміт пен күмән
Осы қорытындыдан кейін Novartis компаниясы жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге бағытталған бұл бағдарламаны жабу туралы шешім қабылдады. Жобаға ондаған миллион доллар қаржы жұмсалған болатын. Енді өндіруші препаратты тек жүрек қақпақшасының тарылуын (аорта стенозы) зерттеу аясында ғана сынақтан өткізбек.
Novartis басынан кешкен бұл жағдай нарықтағы өзге алпауыттардың да жұмысына күмән ұялатты. Қазір ұқсас терапия әзірлеп жатқан Amgen және Eli Lilly компаниялары клиникалық зерттеулерін жалғастыруда. Ал сарапшылар жүрек дертінің алдын алу үшін ересектерге өмірінде кемінде бір рет липопротеин (а) деңгейін арнайы анализ арқылы тексертіп отыруды ұсынады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







