Шымкентке әлемнің 12 елінде тұратын жиырмаға жуық қазақ диаспорасының өкілі келді. Қандастар қаланың тарихи орындарын аралап, ұлттық мәдениетпен және рухани мұрамен жақынырақ танысты, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Сапар аясында шетелдегі қазақтардың тарихи Отанмен байланысын нығайтуға арналған дөңгелек үстел өтті. Кездесуде ұлттық тарихты дәріптеу, мәдени құндылықтарды сақтау және түрлі елдегі қазақ жастарының өзара қарым-қатынасын дамыту мәселесі талқыланды.
«Қазақстанға танымдық экскурсия» жобасы биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отыр. Оның басты мақсаты – шетелде тұратын қандастарға Қазақстанның өңірлерін таныстыру, тарихи Отан төңірегінде біріктіру және өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік беру.
Ұйымдастырушылар қатысушылардың жол жүруі мен ел ішіндегі сапарына қажетті шығынды өз мойнына алған. Олардың айтуынша, шетелдегі кейбір қандас Қазақстанға, соның ішінде Шымкентке келуді көптен армандаған.
Кездесуге келген қандастар өз еліндегі қазақ диаспорасының тыныс-тіршілігі туралы айтып, жүзеге асырып жүрген мәдени және ағартушылық бастамаларын таныстырды. Сондай-ақ ана тілін сақтау, ұлттық дәстүрді кейінгі ұрпаққа жеткізу және қазақ жастары арасындағы байланысты күшейту жөнінде ұсыныстарын ортаға салды.
Шымкентте өткен басқосу қатысушыларға бір-бірімен танысып, ортақ жобаларды талқылауға жол ашты. Түрлі мемлекетте өмір сүргенімен, оларды қазақ тілі, салт-дәстүр және тарихи жады біріктіретіні атап өтілді.
Қандастар үшін Шымкентке сапардың рухани мәні де айрықша болды. Қаланың көне тарихы, ұлттық болмысы және мәдени ортасы шетелден келген қонақтарға қазақ халқының дәстүрлі өмір салтын тереңірек тануға мүмкіндік берді.
Ұйымдастырушылар мұндай жобалар шетелдегі қазақтың тарихи Отанмен байланысын бір реттік сапармен шектемей, тұрақты мәдени ынтымақтастыққа ұластыруға тиіс екенін айтты. Ортақ бастамалар ана тілінің қолданысын кеңейтіп, ұлттық мұраны сақтауға және дүние жүзіндегі қандастардың рухани тұтастығын нығайтуға ықпал етпек.
Шымкенттегі кездесу шетел қазақтарын біріктіретін мәдени диалог алаңына айналды. Қатысушылар тарихи Отаннан алған әсері мен жаңа байланыстарын өз елдеріндегі қазақ қауымымен бөлісуге ниетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







