Көптеген заманауи жүргізушілер жолға шыққанда бірнеше құрылғыны – смартфон, планшет, құлаққап, тіпті ноутбукты бірге алып жүреді. Алайда автокөліктердегі зауыттық USB ұяшықтары көбіне жеткіліксіз немесе олардың қуаты тым баяу келеді. Осыған байланысты технологиялық сарапшылар сапар кезінде бірнеше гаджетті қатар әрі жоғары жылдамдықпен қуаттауға арналған ең озық төрт құрылғыны атап өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Anker Nano: ноутбук қуаттай алатын 167,5 ваттық құрылғы
Сапар барысында сөмкеден ауыр пауэрбанктерді алып, сымға оралып отырмау үшін арнайы қуатты адаптер алған әлдеқайда қолайлы. 54 доллар тұратын Anker Nano Car Charger құрылғысы бір уақытта үш гаджетті жылдам қуаттауға мүмкіндік береді. Оның корпусында екі USB-C және бір USB-A ұяшығы орналасқан, ал олардың максималды қуаты сәйкесінше 100 Вт, 45 Вт және 22,5 Вт құрайды.
100 ваттық қуат жолда ноутбукты жылдам толтыруға толық жетеді: 16 дюймдік MacBook Pro небәрі 47 минутта 50 пайызға дейін қуат алады.
Екінші USB-C қосқышы смартфондарға өте ыңғайлы. Мәселен, Samsung S24 Ultra моделін 24 минутта, ал iPhone 15 Pro Max құрылғысын 27 минутта 50 пайызға жеткізеді. Ал 22,5 ваттық USB-A қосқышы ақылды сағаттар мен сымсыз құлаққаптарға арналған. Құрылғының сенімділігін Amazon желісіндегі 3 600-ден астам оң пікір де растайды.
Ugreen 150W: артқы орындықтағы жолаушыларға арналған шешім
Үлкен отбасымен немесе достармен жиі саяхаттайтындар үшін бағасы 50 доллар болатын Ugreen 150W USB-C Car Charger таптырмас нұсқа саналады. Ол бірден төрт құрылғыны қосуға есептелген. Бұл адаптер екі бөліктен тұрады: бірі темекі тұтатқыш ұяшығына қосылады, ал екінші бөлек хаб ұзын сым арқылы алдыңғы орындықтың артына бекітіледі.
Мұндай құрылым артқы орындықтағы жолаушыларға кабель іздеп әуре болмай, телефондары мен планшеттерін еркін қуаттауға жағдай жасайды. Негізгі адаптердегі USB-C порты тұрақты 30 ватт береді және ол өзге құрылғылардың қосылуына байланысты әлсіремейді. Пайдаланушылар оның ыңғайлылығын жоғары бағалағанымен, кейде қысқыштың босаңдығы мен сымның ұзындығына қатысты ескертулер де айтылады.
Cuktech 85W: тартылатын сым мен ақылды дисплей
Салондағы кабельдердің шашылып жатқанын қаламайтындар үшін бағасы 30 доллар тұратын Cuktech 85W Retractable Car Charger моделі қолайлы. Оған ұзындығы 70 сантиметр болатын, өзі автоматты түрде жиналатын кіріктірілген USB-C сымы орнатылған.
Жалпы 85 ватт қуат беретін адаптер кіріктірілген кабель арқылы 65 Вт, қосымша USB-C ұяшығы арқылы 33 Вт, ал USB-A арқылы 18 Вт таратады. Өндірушінің дерегінше, кіріктірілген кабель небәрі 30 минутта заманауи смартфондарды 55–65 пайызға дейін, ал MacBook Air M3 ноутбугын 53 пайызға дейін қуаттай алады. Оған қоса, адаптердің үстіңгі жағында нақты уақыттағы қуат көлемі мен көлік аккумуляторының кернеуін көрсететін шағын сандық экран бар.
Iniu I710: қарапайым әрі ықшам таңдау
Артық функцияларды қажет етпейтін және бюджеттік таңдау іздейтіндерге Iniu I710 моделі ұсынылады. Аталған құрылғы бір USB-C және бір USB-A порттарымен жабдықталған. Жеке бір құрылғы қосылғанда әр порт 30 ватқа дейін қуат береді, бұл телефондарды жарты сағаттың ішінде едәуір толтыруға мүмкіндік береді. Екі гаджет қатар жалғанған кезде әр порт 15 ваттан таратады.
Заманауи автокөлік адаптерлері тек телефонды ғана емес, Power Delivery стандарты арқылы бір уақытта қуатты ноутбуктер мен өзге де гаджеттерді қауіпсіз әрі жылдам толтыруға қауқарлы.
Iniu үлгісінің тағы бір артықшылығы – ұяшық жиегіндегі көгілдір жарық диодты индикатор. Соның арқасында жүргізуші түнде көлік жүргізіп келе жатып, кабельді қараңғыда оңай қоса алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







