Шымкентте 17 қараша – Дүниежүзілік шала туған балалар күніне орай қалалық перзентханаларда мерекелік іс-шара өтті. Кездесуге мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбилерді тәрбиелеп отырған 200-ге жуық ата-ана қатысты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – шала туған балалардың отбасыларына қолдау көрсету, сәбилердің жетістігін атап өту және олардың өмірі үшін күрескен медицина қызметкерлеріне алғыс білдіру.
Кездесуге егіз бен үшем тәрбиелеп отырған отбасылар да шақырылды. Олардың арасында жүктіліктің 24–27-аптасында, салмағы небәрі 650 грамм болып туған балалардың ата-анасы бар.
Мұндай сәбилер үшін өмірінің алғашқы аптасы мен айы шешуші кезең саналады. Оларға үздіксіз дәрігер бақылауы, арнайы медициналық жабдық және білікті мамандардың көмегі қажет.
Мерекелік шара барысында дәрігерлер мен мейіргерлер кезінде өздері емдеп, өмірін сақтап қалған балалармен жүздесті. Мамандар сәбилердің өсіп, жетілгенін көріп, олардың әрбір жетістігіне ата-аналарымен бірге қуанды.
Салмағы төмен болып дүниеге келген балаларға арнайы грамоталар мен естелік сыйлықтар табысталды. Жылы жүздесу мерзімінен бұрын босану қиындығын бастан өткерген отбасылар мен нәрестелерге алғашқы күннен көмек көрсеткен медицина қызметкерлерін бір ортаға біріктірді.
Мамандардың айтуынша, шала туған баланы емдеу және күтіп-баптау мерзімі жүктілік аптасына, туған кездегі салмағына және денсаулық жағдайына байланысты. Кей жағдайда сәби 60 күннен 120 күнге дейін дәрігер бақылауында болады.
Осы кезеңде мамандар баланың тыныс алуын, жүрек соғысын, дене қызуын және салмақ қосуын тұрақты қадағалайды. Нәрестенің жағдайы тұрақтанып, қажетті салмаққа жеткеннен кейін ғана үйіне шығаруға рұқсат беріледі.
Жүктіліктің өте ерте кезеңінде туған балаларға ерекше күтім қажет. Оларды аман алып қалу үшін заманауи инкубатор, тыныс алуды қолдайтын құрылғы, үздіксіз мониторинг және неонатолог мамандардың тәжірибесі маңызды.
Медициналық дерекке сәйкес, Шымкентте жыл сайын орта есеппен 1700–1800 сәби мерзімінен бұрын дүниеге келеді.
Дүниежүзілік шала туған балалар күні осындай нәрестелердің денсаулығына назар аударып, ата-аналарға медициналық және психологиялық қолдау көрсетудің маңызын еске салады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







