Қазақстанда сиқыршылардың, экстрасенстер мен көріпкелдердің желідегі жарнамасы мен контентін қатаң бақылауға алатын арнайы норма заң жобасына ресми түрде енгізілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Құрылтайда бірінші оқылымда мақұлданған түзетулер бойынша еліміздің заңнамасына алғаш рет «оккульттік қызметтер» деген ұғым бекітіліп, мұндай рәсімдердің барлығына «ғылыми негізі жоқ ойын-сауық» деген арнайы ескерту жапсыру міндеттелмек.
«Оккульттік қызметтер» ұғымы: кімдер бақылауға алынады?
Онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнамаға енгізіліп жатқан жаңа ережелер әлеуметтік желідегі эзотерикалық қызметтердің шегін нақтылап берді. Жаңа ұғым бойынша адамның табиғаттан тыс, тылсым немесе ғылыми дәлелденбеген қабілеттеріне сүйеніп болашақты болжау, тағдырды өзгерту немесе адамның күйіне әсер ету әрекеттері оккульттік қызмет деп танылады.
Мұндай топқа:
- таро карталары мен құмалақ ашатын балгерлер;
- жұлдыз жорамал жасап, тағдыр болжайтын астрологтар;
- карма тазалау, жол ашу, дуа қайтарумен айналысатын сиқыршылар мен экстрасенстердің барлық қызмет түрлері жатқызылады.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, аталған норма азаматтарды желідегі қаптаған күмәнді контенттен, қаржылық алдау мен манипуляциядан сақтауға бағытталған.
«Тек ойын-сауық»: Депутаттардың қатаң талабы
Заң жобасы қабылданған жағдайда, интернет кеңістігіндегі балгерлік пен тылсым күштерге қатысты кез келген жарияланым мен жарнама арнайы ескерту белгісімен қатар жүруге тиіс. Егер көріпкел немесе блогер өз парақшасында оқырмандарына осындай қызмет ұсынса, видео немесе мәтін астында ақпараттың ешқандай ғылыми растауы жоқ екенін және оның тек көңіл көтеру, яғни ойын-сауықтық сипатта ұсынылып отырғанын ірі әрі анық етіп көрсетуге міндеттеледі.
Құрылтайда өткен брифинг барысында заң жобасын әзірлеуші депутаттар бұл өзгерістердің мәнін ашып берді. Олардың пікірінше, тылсым рәсімдерге сеніп, алданып қалмауы үшін әрбір тұтынушының алдына шынайы ескерту қойылуы шарт.
«Адал оккультизм деген түсінік жоқ. Біз, заң жобасын әзірлеушілер, өте нақты норманы ұсындық: мұндай кез келген контент оның ғылыми растауы жоқ жай ғана ойын-сауық екені туралы ақпаратпен міндетті түрде белгіленуі тиіс. Мұндай қадам қазақстандықтардың цифрлық құқықтарын қорғау үшін аса қажет», – деді депутат Александр Данилов.
Егер эзотерикалық блогерлер бұл белгіні қоюдан бас тартса немесе адамдарға нақты «емдеп беремін», «байлық шақырамын» деп уәде берсе, оларға заңсыз жарнама мен алдау фактілері бойынша әкімшілік және қаржылық жауапкершілік көзделмек.
Инста-балгерлердің миллиардтық көлеңкесі
Қазақстандағы TikTok пен Instagram желілері соңғы жылдары онлайн-балгерлердің нағыз алтын ордасына айналды. Аудиториясы жүздеген мыңнан асатын «тарологтар», «нумерологтар» мен «энергия тазалаушылар» күн сайын миллиондаған қаржыны айналдырып отыр. Қарапайым бір карта ашу қызметінің бағасы 15 мыңнан басталып, жеке қабылдаулары жүздеген мың теңгеге дейін жетеді.
Басына қиындық түскен, ауруына ем іздеген немесе қаржылық тығырыққа тірелген қарапайым азаматтар соңғы ақшасын, тіпті банктен несие алып, осы көріпкелдердің шотына аударуды әдетке айналдырған. Ешқандай чек бермейтін, салық төлемейтін және ешбір ғылыми негізі жоқ бұл көлеңкелі бизнес халықтың психологиялық осалдығын шебер пайдаланып келеді.
Ескерту жазуы халықты алдаудан құтқара ала ма?
Мемлекеттің көріпкелдер мен сиқыршылар нарығын реттеуге бет бұрғаны орынды қадам болғанымен, таңдалған әдіс күмән туғызады. Ғылыми негізі жоқтығы туралы ұсақ жазумен ескерту қалдыру тәсілі халықты толық алданудан сақтап қала ала ма?
Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, алаяқтар экранның түкпіріне кішкентай әріптермен «бұл жай ойын» деп жазып қойып, қарапайым жұртты арбай берудің жаңа қулықтарын тауып алады. Көріпкелдердің желідегі ашық жарнамасына түбегейлі тосқауыл қойылмайынша, олардың банктік мобильді аударымдары мен заңсыз табыстары салықтық тексеруге алынбайынша, миллиардтаған теңге қара халықтың қалтасынан пысықай балгерлердің қоржынына ағыла бермек.
Мемлекет тек формальды ескертумен шектелмей, адамның сенгіштігін саудаға салған кез келген псевдоғылыми әрекетке алаяқтық ретінде қатаң құқықтық тосқауыл қоюға тиіс. Сонда ғана ғаламтордағы мистикалық бизнес халықтың қалтасын қағуды доғарады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






