Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған мәдени шаралар аясында «Шымкент концерт» ұйымының өнерпаздары Еуропа елдеріндегі ауқымды гастрольдік сапарын аяқтады. Шымкенттік әртістер қорытынды концертін Бельгияның Монс қаласында өткізіп, қазақ халқының музыкалық және би мұрасын еуропалық көрерменге таныстырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Концерттік бағдарламаға «Қаған» этнофольклорлық ансамблі, «Яссы» би ансамблі және солистер Астана Қарғабай мен Айнұр Назарбекова қатысты. Өнер ұжымдары ұлттық музыка, халық әні мен дәстүрлі биді заманауи сахналық шешімдермен үйлестіріп ұсынды.
Шымкенттік өнерпаздар әлемдік классикалық шығармалармен қатар, қазақ халқының рухани болмысын айшықтайтын туындыларды орындады. Домбыра мен өзге де ұлттық аспаптардың үні еуропалық сахнада шырқалып, көрерменге далалық мәдениеттің тереңдігі мен әуезділігін сезінуге мүмкіндік берді.
«Қаған» ансамблі ұлттық аспаптар арқылы қазақ музыкасының өзіндік үнін жеткізді. Ал «Яссы» би ансамблінің қойылымдарында халқымыздың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы мен тарихи танымы қимыл және сахналық бейне арқылы көрініс тапты. Солистердің орындауындағы әндер концерт мазмұнын толықтырып, көрермен ықыласына бөленді.
Мәдени кеш Қазақстанның Бельгиядағы елшілігі мен Монс университеті арасындағы академиялық, ғылыми және мәдени ынтымақтастықтың нәтижесінде ұйымдастырылды. Мұндай әріптестік екі ел өнер мен мәдениет арқылы тереңдетуге жол ашады. Шымкент әртістерінің өнер көрсетуі еуропалық көрерменнің Қазақстан тарихына, ұлттық музыкасына және дәстүріне деген қызығушылығын арттырды.
Монстағы концерт Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған еуропалық гастрольдің қорытынды кезеңіне айналды. Сапар барысында өнерпаздар қазақ мәдениетінің тек ұлттық құндылық қана емес, әлемдік сахнада лайықты орын алатын көркем мұра екенін көрсетті.
Шымкенттік ұжымдардың Еуропа төріндегі өнер сапары қаланың мәдени әлеуетін де халықаралық деңгейде танытты. Ұлттық мұраны заманауи үлгіде ұсынған әртістер Қазақстан мен Бельгия арасындағы рухани байланысты нығайтып, қазақ өнерінің шекара талғамайтын құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







