Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі жанындағы комиссия Қанат Жолдықараевтың кандидатурасын Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметіне мақұлдады. Кандидатты аталған лауазымға жергілікті атқарушы орган ұсынған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Комиссия отырысында Қанат Жолдықараевтың спорт саласындағы кәсіби тәжірибесі, басқарушылық қабілеті және өңірдегі дене шынықтыру мен спортты дамытуға қатысты ұстанымы қаралды. Талқылау қорытындысында оның кандидатурасын келісу туралы шешім қабылданған.
Өңірлік спорт басқармаларының басшысы қызметіне үміткерлерді жергілікті атқарушы орган ұсынады. Алайда тағайындау Туризм және спорт министрлігі жанындағы арнайы комиссияның келісімінен кейін жүзеге асырылады.
Қанат Жолдықараев 1971 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Ленгір ауданының Георгиевка ауылында дүниеге келген. 1989 жылы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы республикалық спорт мектеп-интернатын және Алматыдағы №1 олимпиада резерві училищесін «Дене тәрбиесі» мамандығы бойынша тәмамдаған.
1994 жылы Қазақ дене шынықтыру институтын бітірді. Кейін Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде тарих, құқық және экономика негіздері мамандығы бойынша білім алды.
Еңбек жолын 1998 жылы Шымкент қаласы әкімдігінде бастап, бас маман және бөлім басшысы қызметтерін атқарды. Кейін Оңтүстік Қазақстан облысының спорт және дене шынықтыру департаментінде олимпиадалық спорт түрлері бөлімін басқарды.
Әр жылдары жоғары спорт шеберлігі мектебі директорының орынбасары, бокстан олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры және олимпиадалық даярлау орталығы директорының орынбасары болды.
Қанат Жолдықараев Алматыдағы №1 олимпиада резервінің мамандандырылған мектебін, спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат пен колледжді басқарған. 2020 жылы Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарды.
Көпжылдық тәжірибесі балалар спортын, олимпиадалық даярлықты және өңірлік басқару жүйесін қамтиды. Ендігі шешім қолданыстағы тәртіпке сәйкес Шымкент қаласының жергілікті атқарушы органы тарапынан қабылдануға тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







