Шымкентте қазіргі таңда 188 тарихи-мәдени мұра нысаны есепке алынған. Олардың қатарында көне қалашықтар, кесенелер, сәулет ғимараттары, археологиялық орындар, ескерткіштер мен бюсттер бар, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қалалық мәдениет басқармасының мәліметінше, жалпы тізімдегі 70 нысан археологияға, тоғыз нысан сәулет өнеріне жатады. Үш киелі орын және 106 монументтік өнер құрылысы тіркелген. Олардың жетеуі республикалық, сегізі жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші саналады.
Республикалық маңызы бар мұралар қатарына Сайрам, яғни ортағасырлық Испиджаб қалашығы, Әбдел-Әзіз баб, Ибраһим ата, Қожа Салық, Мірәлі баб және Қарашаш ана кесенелері мен XIX ғасырда салынған Хызыр мұнарасы енген.
Жергілікті маңызы бар тізімде Металлургтер сарайы, XX ғасырдың басындағы тұрғын үй, Никольский шіркеуі, мектеп ғимараты, көне Шымкент қалашығы және бірнеше оба мен қорым бар. Қалған объектілер алдын ала есепке алу тізімінде тұр. Оларға тиісті мәртебе беру мәселесі әкімдік жанындағы арнайы комиссияда кезең-кезеңімен қаралады.
Әкімдік тарихи мұраны есепке алып қана қоймай, оның техникалық жағдайын бақылауға, қорғау аймағы мен пайдалану тәртібінің сақталуына жауап береді. Қалалық басқарма объектілерді анықтау, зерделеу, консервациялау, қалпына келтіру және ғылыми-реставрациялық жұмысты ұйымдастыру міндетін атқарады.
Тарихи нысан маңында құрылыс немесе жер жұмысы жүргізілген жағдайда мұраның сақталуы ескерілуге тиіс. Археологиялық құндылық анықталса, зерттеу жүргізіліп, мамандардың қорытындысы негізінде қорғау шарасы қабылданады. Мұндай тәртіп көне қабаттардың құрылыс кезінде жойылып кетуіне жол бермеу үшін қажет.
Шымкент қалашығын сақтау мен жаңғырту жұмысы ғылыми-әдістемелік кеңес арқылы сараланады. Мамандар кешенді қалпына келтіру, мәдени ландшафтты жаңарту және көне қалашықты ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне ұсыну мүмкіндігін талқылаған.
Ескерткіштердің айналасын күтіп ұстауға еріктілер де тартылып отыр. «Таза Қазақстан» аясында монументтер маңы тазартылып, вандализмнің алдын алу жөнінде түсіндіру жүргізіледі. Әкімдік үшін негізгі міндет – тарихи мұраны туристік нысан ретінде пайдаланумен қатар, оның түпнұсқалығы мен келер ұрпаққа сақталуын қамтамасыз ету.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







