Астанадағы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» сахнасында «Гүлдер» ансамблінің «Шебер жаңғырығы» атты жеке концерті өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кеш қазақ эстрадалық би өнерінің негізін салушы, ансамбльдің тұңғыш балетмейстері Деляфруз Қияқованың 100 жылдық мерейтойы мен ұжымның алғашқы бишілерінің бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтынбүбі Омарбекованың 75 жасына арналды.
Концерт басталмас бұрын жиналған қауым фойеде ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Ансамбльдің бас балетмейстері Анвара Садықова жетекшілік еткен экспозиция ұжым тарихы мен қос өнер иесінің шығармашылық жолынан сыр шертті.

Алтын қордағы туындылар мен сахна төріндегі құрмет
Қазақ би өнерінің майталмандарына арналған салтанатты кеш Деляфруз Қияқова сахналаған әйгілі «Бипыл» биімен шымылдығын түрді. Кеште қазақ және шығыс халықтарының елуден астам биін сахнаға шығарған балетмейстердің өмір жолы арнайы бейнебаян арқылы баяндалды. Ұжымның жаңарған құрамы ұлттық хореографияның алтын қорына енген «Қуаныш» пен «Қазақ кәдесыйлары» қойылымдарын қайта жаңғыртып, көрерменге ұсынды.
Кештің құрметті қонағы болған мерейтой иесі Алтынбүбі Омарбековаға зор құрмет көрсетілді. Жиналғандар даңқты бишінің өнер жолына арналған бейнематериалдарды және көпшілікке таныс «Тақиялы періште» фильміндегі естелік үзінділерді тамашалады.
Тұсаукесер қойылымдар және концерт бағдарламасы
Бағдарлама аясында дәстүрлі туындылармен қатар жаңа сахналық нұсқалар да ұсынылды. Көрермен назарына композитор Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына орай Анвара Садықова қойған «Қарлығаш» биі алғаш рет таныстырылды. Сонымен қатар бишілер ұжымы «Малайзия биі», «Саиди» және «Қорқыт» туындыларын нақышына келтіре орындап шықты.
Мерекелік кеште «Гүлдер» ансамблінің балет әртістерімен бірге G-band тобы, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаттары Әлібек Әлмәдиев пен Іңкәр Айдарханқызы, әнші Дидар Абдухалық және халықаралық байқаулардың жүлдегерлері Ақбөпе Әлібекова, Ербол Тәжібаев, Меруерт Желдібаева мен Нұрмұхамед Сәтен өнер көрсетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







