Жер төңірегіндегі төменгі орбитада ғарыш аппараттарының күрт көбеюі мен техникалық қалдықтардың жиналуы жасанды жер серіктерінің қауіпсіздігіне бұрын-соңды болмаған салмақ түсіре бастады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ғарыш кеңістігіндегі қозғалысты бақылайтын халықаралық деректерге сәйкес, Жер орбитасында 18 мыңнан астам белсенді пайдалы жүк тиелген аппарат бар. Оның 11 мыңнан астамы – америкалық SpaceX компаниясына тиесілі Starlink байланыс жер серіктері. Орбитада жұмыс істеп тұрған аппараттардан бөлек, мыңдаған істен шыққан құрылғы мен сынықтар ұшып жүр. Тек NASA деректері бойынша жер маңында көлемі өлшеуге келетін 45 мыңнан астам жасанды нысан тіркелген.
Орбитадағы тартыс: жылына 355 мыңнан астам маневр
Ғарыштағы аппараттардың тығыз орналасуы Starlink құрылғыларын күн сайын қауіпті жақындасулардан құлтаруға мәжбүр етуде. Бір жыл ішіндегі көрсеткіш орбиталық кептелістің қаншалықты қауіпті шекке жеткенін көрсетті.
Starlink желісі бір жыл ішінде өзге аппараттар мен ғарыш қалдықтарынан жалтару үшін 355 мыңнан астам маневр жасаған, яғни әр жер серігі апта сайын дерлік қозғалыс бағытын өзгерткен.
Мамандардың айтуынша, соңғы жартыжылдықта қауіпті жақындасу көрсеткіші 200 мыңнан асқан. Бұл алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда едәуір көп әрі жыл сайын геометриялық прогрессиямен өсіп келеді.
SpaceX ұсынған шешім: эфемерида мәліметтері
SpaceX өкілдері ғарыштағы соқтығысу қаупін сейілтудің нақты жоспарын жариялады. Түркияда өткен Халықаралық астронавтика конгресінде (IAC) Starlink бағыты мен жасанды интеллект департаментінің жетекшісі Майкл Николлс барлық операторды эфемерида деректерін ашық бөлісуге шақырды.
Эфемерида – ғарыш аппаратының нақты координаттарын, қозғалыс жылдамдығы мен жоспарланған траекториясын сипаттайтын ең негізгі дерек. SpaceX өзінің барлық жер серігінің бағытын ашық түрде үздіксіз жариялап отырады. Алайда өзге компаниялар мен мемлекеттер мұндай қадамға баруға асығар емес.
«Жер төңірегіндегі ғарыш қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әлемдегі барлық оператор өз аппараттарының орналасуы мен қозғалыс траекториясы туралы ақпаратты ашық түрде ертерек ұсынуы тиіс», – деп атап өтті Майкл Николлс.
Құпиялылық пен геосаяси кедергілер
Николлс ұсынған талдауға сәйкес, бірқатар мемлекеттер мен мекемелер өз жер серіктерінің нақты координатын құпия ұстап отыр. Әсіресе Қытай мен Ресей ұйымдары орбиталық деректерді халықаралық каталогтармен бөлісуден бас тартады. Сонымен қатар АҚШ, Еуропа елдері мен Жапониядағы кейбір жеке операторлар да өз аппараттарының маневрлерін жарияламайды.
Бұл жабықтықтың басты себебі геосаяси бәсекелестікке, мемлекеттік қауіпсіздік талаптарына және коммерциялық деректерді қорғау саясатына тіреледі. Нәтижесінде кенеттен бағытын өзгерткен беймәлім аппараттар қауіпті жағдайлар тудырып келеді.
Мәселен, Starlink желісі биыл орбитада траекториясын өзгерткен 650-ге жуық дербес жер серігімен қақтығысуға шақ қалған. Олардың тең жартысына жуығы ешқандай ескерту немесе қозғалыс жоспарын ұсынбаған. Кейбір оқиғаларда аппараттар бір-біріне 134 метр, тіпті 57 метрге дейін қауіпті жақындаған.
SpaceX алдағы уақытта ондаған мың жаңа байланыс серіктерін және орбиталық жасанды интеллект есептеу орталықтарын ғарышқа шығаруды жоспарлап отыр. Егер жаһандық деңгейде траекториялармен алмасу тәртібі орнатылмаса, Жер орбитасындағы кептеліс халықаралық ғарыш инфрақұрылымына тұрақты қауіп төндіретін шекке жетуі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






