Шымкенттегі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде әдебиеттанушы Құлбек Ергөбектің «Өзбекәлі Жәнібеков» кітабының таныстырылымы өтті. Жаңа еңбекте мемлекет және қоғам қайраткерінің ұлттық мәдениетті дамытудағы қызметі, азаматтық ұстанымы мен ел мүддесіне сіңірген еңбегі кеңінен баяндалған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Өзбекәлі Жәнібеков бүкіл ғұмырын ұлттық мұраны сақтауға, тарихи сананы жаңғыртуға және көмескіленген рухани құндылықтарды халыққа қайтаруға арнады. Оның бастамасымен ұлт тарихына қатысты талай мәселе қайта қаралып, мәдени ескерткіштер мен салт-дәстүрлерге ерекше мән беріле бастады. Сондықтан қайраткердің өмір жолы тұтас бір дәуірдің рухани келбетін танытады.
Қайраткердің болмысы мен жаңа деректер
Құлбек Ергөбек кітабында Өзбекәлі Жәнібековтің қоғамдық-саяси қызметімен ғана шектелмей, оның адами болмысын, табандылығын, еңбекқорлығын және ел алдындағы жауапкершілігін де көрсетуге ұмтылған. Басылымға көпшілікке бұрын беймәлім болған бірқатар дерек енгізілген.
– Бір кітап арқылы Өзбекәлі Жәнібековтің тұлғасын толық аштым деп ойламаймын. Ол туралы алдағы уақытта мен де, сіздер де, өзге зерттеушілер де жазады. Өзбекәлі Жәнібеков – сан қырынан әлі де терең зерттелуі қажет жарқын тұлға. Бұл – болашағы үлкен, сарқылмайтын тақырып, – деді Құлбек Ергөбек.
Аталған еңбек – жазушының көрнекті қайраткерге арнаған бесінші кітабы. Автордың пікірінше, Жәнібековтің ұлттық мәдениетті қорғаудағы батыл қадамдары, мемлекеттік қызметтегі қағидалары мен елге қызмет ету үлгісі жаңа ғылыми ізденістерге негіз болмақ.
Жас ұрпаққа арналған тағылым
Тарих және педагогика факультетінің деканы Гүлдариға Таутаева кітаптың жастарға арналған тағылымдық маңызына тоқталды. Еңбектің басында автор студенттерге «Бәлкім, бүгінгі заманның Өзбекәлісі сен боларсың?» деген үмітпен үн қатып, басылымды жас ұрпаққа арнайды.
Кітаптың әр парағынан халыққа адал қызмет етудің үлгісі, тарихи жады мен рухани сабақтастық көрінеді. Жаңа еңбек студенттерге Өзбекәлі Жәнібековтің өнегелі өмірін танытып қана қоймай, ұлттық мұраға жауапкершілікпен қарауға және ел болашағына қызмет етуге үндейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







