Шымкентте мүгедектігі бар азаматтар арасында ақын Жүрсін Ерманның 75 жылдығына орай «Мөлдіреген жыр сезім» республикалық көркемсөз оқу байқауы өтті. Елдің әр өңірінен келген қатысушылар өлең оқудағы шеберлігін көрсетіп, поэзияға деген сүйіспеншілігін көпшілікпен бөлісті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жүрсін Ерманның мерейтойына арналған дода
Дәстүрлі әдеби дода биыл жетінші рет ұйымдастырылды. Байқау Қазақстанның халық жазушысы, белгілі ақын Жүрсін Ерманның 75 жылдығына арналды. Сонымен қатар Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай қатысушылар туған жер, ел мен Отан тақырыбындағы өлеңдерді оқыды.
Іріктеу кезеңінен өткен 11 көркемсөз шебері Шымкентте өткен шешуші сынға жолдама алды. Олар сахнада Жүрсін Ерманның шығармаларын мәнерлеп оқып, ақын өлеңдеріндегі терең ойды, шынайы сезім мен өмірге құштарлықты көрерменге жеткізуге тырысты. Қазылар алқасы қатысушылардың дауыс мәнеріне, сахна мәдениетіне, мәтінді түсінуіне және шығарманың мазмұнын ашу қабілетіне баға берді.
«Осындай кездесулер қатысушылардың өз қабілетіне деген сенімін арттырып, поэзияға сүйіспеншілігін күшейтеді. Биыл ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына байланысты туған өлке мен Отан туралы шығармаларға да ерекше көңіл бөлінді», – деді «Шалқар шабыт» мүгедектігі бар азаматтар қоғамдық бірлестігінің шығармашылық жетекшісі Ербек Бакиев.
Таланттар талпынысы марапатталды
Байқауға Ақтөбеден арнайы келген Айдарбек Имаков та қатысты. Мәдениет саласында еңбек ететін ол Жүрсін Ерманның шығармашылығына бұрыннан қызығады. Алғашқы кезеңде қазылардың жоғары бағасын алған қатысушы финалда ақынның «Түнгі такси» туындысын орындап, жүлделі екінші орынға ие болды.
«Жүрсін Ерман атындағы байқау өтетінін естігенде өз күшімді сынап көруге шешім қабылдадым. Финалға өту мен үшін үлкен қуаныш әрі жауапкершілік болды», – деді Айдарбек Имаков.
Ұйымдастырушылар әр қатысушының талпынысын арнайы марапатпен атап өтті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом және ақшалай сыйлықтар табысталды. Жеті жылдан бері өткізіліп келе жатқан байқау жігерлі жандарға талантын танытып, әдеби ортада тәжірибе жинауға мүмкіндік беріп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







