Алматы облысы Қарасай ауданының әкімдігі марқұм Болат Назарбаевтың әйелдері мен балаларына тиесілі жер телімдерін қайтару жөніндегі сот процесінде күтпеген қадамға барды. Талап-арыз берген мемлекеттік органның өкілдері сот отырысына екі мәрте себепсіз келмей қалып, соның салдарынан судья істі қараусыз қалдыруға мәжбүр болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Өз арызына өзі бармаған әкімдік
Жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару бастамасын Қарасай ауданының әкімдігі өзі көтеріп, сотқа жүгінген еді. Қоғам назарын аударған даулы істің аясында бұрынғы ықпалды тұлғаның отбасы мүшелеріне тиесілі жерлердің тағдыры шешілуі тиіс еді.
Сот отырысына бірінші емес, екінші рет те ешқандай дәлелді себепсіз қатыспауы судьяға талап-арызды қараусыз қалдырудан басқа амал қалдырмады. Осылайша іс түпкілікті шешімін таппай, жарты жолда тоқтап отыр.
Алайда талапкер тараптың өзі — аудан әкімдігінің өкілдері — сот процесіне жауапкершілікпен қарамаған сыңайлы.
Әдейі «ұтылу» ма, әлде өрескел немқұрайдылық па?
Әкімдік өкілдерінің мұндай әрекеті қоғамда үлкен күмән мен өткір сұрақтар туғызды. Мемлекет мүддесін қорғап, даулы жер телімдерін қайтаруға мүдделі болуы тиіс жергілікті билік органы неліктен сотқа бармай қойды?
Сондықтан қоғамда екі түрлі болжам туындауы заңды: біріншіден, істі соңына дейін жеткізуге деген немқұрайдылық пен жауапты мамандардың кәсіби салғырттығы болса, екіншіден, талап-арызды қараусыз қалдыру арқылы даулы жерлерді мемлекетке қайтарудан әдейі тайсақтау ма деген күдік туындайды. Қалай болғанда да, талап-арыз беріп алып, кейін сот залына төбе көрсетпеу — мемлекеттік органның беделіне сызат түсіретін жайт.
Заңды мүдде мен бақылау қайда қалды?
Соңғы жылдары ел аумағында заңсыз берілген немесе тиімсіз пайдаланылған жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқаны жиі айтылады. Алайда Қарасай ауданындағы жағдай қағаз жүзіндегі бастама мен нақты іс арасындағы алшақтықты көрсетіп отыр.
Егер мемлекеттік мекемелер өздері бастаған сот процестерін соңына дейін жеткізуге құлықсыз болса, жер қайтару ісіндегі әділдік пен ашықтыққа сенім азаяды. Ендігі кезекте Қарасай әкімдігінің өкілдері сот отырыстарына не себепті қатыспағанын ашық түсіндіріп, жауапты қадағалаушы органдар осы жайтқа тиісті құқықтық баға беруі тиіс. Әйтпесе даулы жерлердің тағдыры осындай үнсіз «жеңілістермен» жабыла бермек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







