Экс-президент Назарбаевтың күйеу баласы мен қызы Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаеваға тиесілі «Алмэкс» холдингі 2023 жылға дивидендтер төлемейді. Мұндай шешім 2024 жылғы 30 мамырда өткен акционерлердің жалпы жиналысында қабылданған, — деп хабарлайды Dalanews.kz Forbes.kz деректеріне сілтеп.
Басылым мәліметінше, акционерлер бірауыздан: «2023 жылғы таза кіріс бөлінбейді және дивидендтер төленбейді» деген шешімге келген. Әңгіме қандай сома туралы болып отырғаны әлі белгісіз: акционерлер жылдық қаржылық есепті бекітті, бірақ компания құжатты әлі жариялаған жоқ.
Бір жыл бұрын акционерлер шамамен 88,9 миллиард теңге көлемінде дивиденд алды, бұл дегеніміз — 2022 жылдың қорытындысы бойынша холдингтің таза табысының 100 пайызы.
Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаева — «Алмэкс» холдингтік тобының жалғыз акционерлері. Олар Forbes Kazakhstan бойынша Қазақстанның ең бай 75 бизнесменінің тізімінде екінші орында тұр, олардың байлығы 5 миллиард теңге болады деген деректер бар. Тимур Құлыбаев Қазақстанның ең ықпалды 50 кәсіпкері-2024 рейтингінде үшінші орында тұр. «Алмэкс» арқылы олар Halyk Bank-тің 69,52 пайызын бақылайды.
Айта кетейік, бұған дейін Құлыбаевтарға тиесілі болған мұнай терминалы мемлекетке қайтты.
Алматы қаласы прокурорының талап-арызы бойынша Ақтау халықаралық теңіз сауда портының акваториясында орналасқан, құны 66 млн АҚШ доллары болатын ауданы 134 гектар мұнай терминалы мемлекет меншігіне қайтарылды.
Талап-арыз Асқар Құлыбаевқа тиесілі компанияның шетелдік инвестордың меншігін заңсыз алып қоюы нәтижесінде келтірілген залалды өтеу мақсатында берілген. 2011 жылы мұнай терминалы Құлыбаев компаниясының меншігіне алынғаны анықталған. 2024 жылдың 26 ақпанында Маңғыстау облысы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен Алматы қаласы прокурорының талап-арызы қанағаттандырылды, мұнай терминалы мемлекет меншігіне қайтарылды, сот актісі заңды күшіне енді.