Астана, 2026 жылғы 12 қараша. ForteBank пен Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) Қазақстандағы инвестициялық жобаларды синдикатталған қаржыландыру саласындағы бірлескен жұмысты көздейтін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл әріптестік ірі жобаларды қолдау мақсатында екі банктің қаржылық ресурстары мен сарапшылық тәжірибесін біріктіруге мүмкіндік береді. Тараптар қаржыландыру, оның ішінде синдикатталған кредит беру тетігі арқылы жүзеге асырылатын жобаларды бірлесіп қарастыруға ниетті.
Құжатқа қол қою ресімі Абу-Дабиде ЕАДБ-ның халықаралық қаржы орталығындағы (ADGM) кеңсесінің ашылуына арналған шара аясында өтті. Іс-шараға Біріккен Араб Әмірліктері Қаржы министрлігінің өкілдері де қатысты.
«Әрбір ірі инвестициялық жобаның артында өндірісті ұлғайту, жаңа нарықтарды игеріп, жұмыс орындарын ашу секілді нақты бизнес мақсаттар тұрады. Біздің міндетіміз – кәсіпкерлер мен компаниялардың осы жоспарларын жүзеге асыруына қолдау көрсететін қаржыландыруды ұсыну. ЕАДБ-мен әріптестік қаржылық ресурстар мен сарапшылық тәжірибені біріктіріп, ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру аясын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді»,- деп атап өтті ForteBank Басқарма Төрағасы Талғат Қуанышев.
«ForteBank-пен әріптестікті нығайту Қазақстандағы маңызды инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін банктердің ресурстарын, тәжірибесін бір арнаға тоғыстыруға жол ашады. Синдикатталған кредит беруді дамыту арқылы Банк ел экономикасының түрлі секторларына ұзақ мерзімді капитал тарту бағытындағы жұмысын кұшейтуде, -деді ЕАДБ Басқарма төрағасының орынбасары Руслан Дәленов.
Бірлескен жобалар тәжірибесі
ForteBank пен ЕАДБ-ның ірі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп қаржыландыру тәжірибесі бар. Бұған Bank of America ұйымдастырған Алматы халықаралық әуежайын дамыту жобасына екі банктің синдикатталған қаржыландыру шеңберінде кредитор ретінде қатысуы дәлел. Қол қойылған меморандум тараптардың ынтымақтастығын одан әрі кеңейтіп, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.
ForteBank туралы
«ForteBank» АҚ жеке және корпоративтік клиенттерге, сондай-ақ шағын және орта бизнеске қаржылық қызметтер көрсететін Қазақстандағы жетекші банктердің бірі. Банк цифрлық сервистерді белсенді түрде жетілдіріп, экономиканың негізгі бағытындағы жобаларды қаржыландырады.
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2026 жылғы 14 шілдедегі №1.1.965.133 лицензиясы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







