2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін АҚШ пен оның одақтастары Мәскеуге қарсы қатаң экономикалық қысым көрсетіп, орыс мұнайының экспортына эмбарго енгізген еді. Алайда арада уақыт өткенде ресейлік дизель тиеген кемелердің Америка жағалауына бағыт алуы Вашингтонның бұрынғы саясатына түбегейлі қайшы келіп, саяси және құқықтық дау туғызды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Санкциялық шектеуден аттаған мәміле
АҚШ-та жанармай бағасының күрт өсуі ішкі нарықта үлкен қиындық тудырды. Дизель отынының бір галлоны ел тарихында тұңғыш рет 6 доллардан асып, сайлау алдындағы ең өткір әлеуметтік тақырыпқа айналды. Осы мәселені жедел шешу мақсатында президент Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путинмен келіссөз жүргізіп, Мәскеуден жанармай сатып алуға келісті. Ақ үй әкімшілігінің бастамасымен Қаржы министрлігі ресейлік дизель операцияларына 2027 жылдың сәуіріне дейін уақытша лицензия берді.
Жоспар бойынша Ресей алғашқы лекте 300 мың тонна дизель отынын шығарып, кейін көлемін ұлғайтуы тиіс еді. Алайда бұл шешім Вашингтондағы сарапшылар мен бұрынғы шенеуніктердің қатаң сынына ұшырады. Бұрынғы Қаржы министрінің көмекшісі, қазіргі Брукингс институтының вице-президенті Бен Харрис Ақ үйдің ұстанымын сынап, бұл қадам одақтастар алдындағы сенімді әлсірететінін жеткізді.
«2022 жылдың басында АҚШ билігі де, жеке өнеркәсіп те Ресей мұнайының бір тамшысын да Америка жағалауына жолатпауға бекінген еді. Қазіргі әрекеттер президенттің санкцияларға еш мән бермейтінін және шектеулерді соғысты тоқтатудың құралы ретінде көрмейтінін көрсетеді», – деді Бен Харрис.
Мұхитта бөгелген танкерлер мен заңдық тосқауылдар
CNN таратқан деректерге қарағанда, бортына 300 мың баррель ресейлік жанармай тиеген Мальта туы астындағы «Agioi Fanendes» танкері Солтүстік Атлантикада қозғалысын баяулатып, нақты баратын портын жарияламай тоқтап тұр. Бастапқыда АҚШ-тың шығыс жағалауына бет түзеген өзге екі кеме — Сьерра-Леоне туындағы «Leruo» мен ресейлік «Talisman» бағытын шұғыл өзгертіп, бірі Бразилияға, екіншісі Жерорта теңізіне қарай бұрылды.
Мұндай кідіріске америкалық компаниялардың ресейлік өнімді қабылдаудан үрке бастауы себеп болды. Қаржы министрлігі арнайы рұқсат бергенімен, Конгресс қабылдаған 2022 жылғы федералдық заң ресейлік отын импортына қатаң тыйым салады. Штат әкімшіліктері мен қос партияның заң шығарушылары ресейлік дизельді түсіруге атсалысқан терминалдар мен саудагерлердің ірі көлемде айыппұлға жығылып, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескертті. Сонымен қатар, Ұлыбритания мен Еуропалық Одақ енгізген тыйымдардың күші жойылған жоқ.
«Аталған келісімді жүзеге асыру барысында саяси, комплаенс және құқықтық тұрғыдан өте күрделі кедергілер бар. Компаниялар ішкі және халықаралық заң бұзушылықтарға ұрынудан қорқады», – деп түсіндірді «Windward» талдау орталығының аға сарапшысы Мишель Виз Бокманн.
Ішкі қайшылық және геосаяси жағдай
Ресей дизелін жеткізу жобасы тұралап қалғанымен, Мәскеу өз өнімдерін Таяу Шығыс, Солтүстік Африка және Оңтүстік Америка нарықтарына экспорттауды қайта жандандырды. Ал АҚШ-тың ішкі нарығындағы баға дағдарысы әлі күнге дейін толық шешімін тапқан жоқ. Мамандар импорттық өнімді америкалық жылыту жүйелерінің талаптарына сәйкестендірудің өзі техникалық тұрғыдан қиын екенін айтады.
Трамп әкімшілігінің бағаны түсіруге бағытталған шарасы заңдық тосқауылдарға тіреліп, санкциялық тәртіптің іштей шайқалуына әкелді. Конгресс өкілдері келісімге қатысы бар банктер мен порт операторларының құжаттарын тексеруге дайындалып жатыр. Мұхитта бағытын анықтай алмай тұрған жүк кемелері энергетикалық тапшылық пен саяси қағидаттардың арасындағы күрделі қайшылықтың айқын көрінісі болып қалды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







