Мәдениет экс-министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының әйелі Ғалия Ысқақова жазасын өтеп, бостандыққа шықты, – деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы судья Шынар Ерғалиеваның төрағалық етуімен Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 13 ақпандағы Ғалия Ысқақоваға қатысты үкімін өзгертті.
Оның қылмыстық кодексінің 368-бабының 1-бөлігімен («Пара алудағы делдалдық») әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігімен («Қылмыс жасауға оқталу»), 368-бабына өзгертілді.
Ғалия Ысқақова Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі және 368-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға тыйым салу арқылы 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 2023 жылғы 5 шілдеден бастап үйде қамауда ұстау мерзімін есепке алуды ескере отырып, бір тәулікке екі тәулік есебімен бас бостандығынан айыру мерзімі өтелген болып есептеледі.
Үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды, сотталғандар мен олардың адвокаттарының апелляциялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылды.