Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі, Ресейдегі «Азия-Тынық мұхиты банкі» (АТБ Банк) 2023 жылдың қорытындысы бойынша рекордтық табыс алса, биыл тіпті осы рекордты жаңартатын сияқты. Бірақ банк кез келген уақытта АҚШ-тың санкция тізіміне ілінуі мүмкін, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz Nege.kz-ке сілтеп.
Басылым мәліметінше, қазір Ресейдегі 320 банктің шамамен 30 пайызы АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау бойынша басқармасының (OFAC) бұғаттаушы тізіміне енгізілген және ай сайын ол тізім толығып тұрады.
«Қазір «АТБ Банк» санкция тізімінде емес. Бірақ жылдың аяғына дейін жағдай өзгеріп кетуі мүмкін. Себебі OFAC Ресейдегі қаржы ұйымдарын бұғаттауға қатысты жұмысына жаңа серпін беруде», – дейді NEGE-нің дереккөзі.Санкция қаупін ысырып қойсақ, «АТБ Банктің» жалпы жағдайы жаман емес. «Азия-Тынық мұхиті банкі» 2023 жылы 8,18 миллиард рубль таза пайда алды. Бұл – шамамен 42,5 миллиард теңге. Банк 2022 жылдан бері минустан шыққан болатын.
Бірақ Назарбаевтың Ресейдегі банкі үшін 2024 жыл тіпті сұрапыл болайын деп тұр. 2024 жылдың бірінші тоқсанында «АТБ» 2023 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда үш есе артық таза кіріс алған. Банк бірінші тоқсанды 1,6 миллиард рубль пайдамен аяқтады. Жылдың аяғына дейін 10 миллиард рубль көрсетуі әбден мүмкін.
Кезінде банкрот болған «АТБ Банк» Ресейдің Орталық банкінің оңалту процедурасынан өтіп, 2021 жылы өткен аукционда қазақстандық «Pioneer Capital Invest» компаниясына 14 миллиард рубльге сатылған болатын.
Басылым дерегінше, «Pioneer Capital Invest» компаниясының қожайыны – Нұрсұлтан Назарбаев. Ал сенімді қаржыгері Данияр Әкішев компанияны басқаруға жауап береді.
«2022-2023 жылдары банк акционерлеріне 8,5 миллиард рубль пайда әкелгенін ескерсек, 2024 жылдың аяғында ол өзін сатып алуға кеткен шығынды толығымен ақтайды. 2025 жылдан бастап осы бизнес Назарбаевқа жылына 50 миллиард теңге таза кэш әкеліп тұруы ғажап емес», — деп жазылған деректе.
Сонымен қатар, басылым дерегінше, мұның барлығы заңды. Банк ашық аукционда сатып алынғандықтан, оған ешкім тиісе алмайды. Сол себепті, «АТБ Банкті» Назарбаевтың ең сәтті инвестициясы деп айтуға болады.