«Қазақфильмнің» анимация саласында жүрген мамандары бір жыл бойы маңдай терімен тапқан ақшасын ала алмай жүр.
Киностудияның алдына барған қызметкерлер басшылықтан «Алтын адам» жобасына тиесілі жарты миллиард теңгеге жуық қаражатты талап етуде, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жиналған жұрттың айтуынша, былтыр аяқталған толықметрлі мультфильм үшін мемлекеттен бөлінген 500 млн теңге әлі қолына тимеген. Жобаға қатысқан суретшілер мен аниматорлардың көбі қарызға белшесінен батқан.
«Өткен жылдың тамызынан бері жалақысыз отырмыз. 3-5 миллион теңгеге дейін еңбекақысын ала алмай жүрген қызметкерлер бар. Қолымызда заңды келісімшарт тұр. Осы студиядан басқа жерде жұмыс істемейміз. Сондықтан бір тиын қалдырмай, еңбекақымызды толық төлеуді талап етеміз», – дейді анимация бөлімінің қызметкері Жанәділ Байдарбеков.
Мамандардың шағымынша, студия басшылығы қазір анимация бөлімін мүлде жауып тастаған. Редактор Ерлан Төлеутайдың айтуынша, соңғы күндері студия ғимараты түрме режиміне көшіп, аниматорларға қысым күшейген көрінеді.
«Бұл жерде өнер ордасы емес, темір тормен қоршалған түрме қалыптасып барады. Айналдырған бірнеше күнде күзетшілерді жіберіп, жастарды қудалап, әртүрлі негізсіз жала жабылуда. Жабылған бөлімге заңсыз тексеру жүргізіліп жатыр. Мұны бандиттік әрекет демегенде не дейміз? Президент Азамат Сатыбалды осындай «рөл» ойнап жүр. Бірақ кімнің сценарийімен, кімнің рөлінде екенін өзі түсінбейтін шығар. Біз дәл осы жерге оның өзін шақырып, ашық жауап беруін талап етеміз», – дейді Ерлан Төлеутай.
Алайда наразы топтың алдына студия басшысының өзі емес, орынбасары Айдар Омаров шыққан. Ол «Алтын адам» жобасы бойынша берешектің 88 миллион теңге екенін ғана мойындап отыр.
«Ұлттық киноны қолдау орталығы бізге 2020 жылы тапсырыс берген. Біз мультфильмді толық аяқтап, 100 пайыз өткізіп қойдық. Бірақ тапсырыс беруші тарап оны қабылдамай отыр. Қазір бұл мәселе сотқа жетті. Соттың шешімін күтудеміз», – деді «Қазақфильм» киностудиясының вице-президенті Айдар Омаров.
Бұл жауап жиналғандардың көңілін мүлде көншітпеді. Олар еңбекақы толық төленгенше наразылық акциясын тоқтатпайтынын ескертіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

