Қазақстандағы Православ шіркеуі Украинаға басып кіргені үшін Путинге қарсы келген «священникті» жұмыстан қуды. Бұл туралы Fragment арнасы жазды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Арна мәліметінше, Кремль шапқыншылығын айыптаған Иаков Воронцов Қазақстандағы Православ шіркеуін Мәскеумен байланысты үзіп, автокефалияға ұмтылуға үндеген .
Оның бастамасымен ұйымдастырылған «соғысты тоқтату» петициясына орыс православ шіркеуінің 300-ге жуық қызметкері қол қойған. «Путинді пір тұтатын бас шіркеуді денацифицикациялау және демилитаризациялау қажет. Еуразиялық одақ? Бұл ұйымнан да үзілді-кесілді бас тартатын уақыт келді», — деген иеромонах. Патриарх Кирилл басқаратын Ресей православ шіркеуі Путин мен оның Украинаға қарсы соғысын белсенді түрде қолдайды — бұл ұстанымдар оның шетелдегі филиалдарына да таралады. Осылай деген Қазақстандағы шіркеу өкілі дүйсенбі күні Патриарх Кириллдің «иеромонах Иаковты санынан айыру» туралы шешімді бекіткенін мәлімдеді.
«Еліміздегі орыс шіркеуінің төрағасы, митрополит Александр Кремльге қарсы келуден қаймыққан сынды. Иеромонах Иаков өз кезегінде Кирилдің әрекетін айыптады. Fragment-ке жеткен ақпарат бойынша еліміздегі Православ шіркеуінде Ресейдің басқыншы саясатын қолдамайтын поптардың қатары көбейу үстінде. Ал Иаков Ресейге қарсы агитацияны күшейте түспек. Қазақтілді аудиторияның симпатиясы оған қысым көрсетуге жол бермей тұр», — деп жазылған арна мәліметінде.
Дерекке сүйенсек, шіркеу қызметкерлерінің арасында Украинаның ізімен Мәскеу Патриархатынан бөліну идеясы (автокефалия) қызу талқылануда. Автокефалия идеясы ақиқатқа айналса Мәскеу Патриархаты Ресейден тыс аумақтағы шіркеулері мен епархиясының тең жартысынан айырылады.
«Дін дегеніміз идеология, мұндай «рычактан» айырылу Кремльдің Қазақстандағы саяси ықпалын әлсірете түспек. «Мәскеу мұны тежеуге тырысады. Алдағы уақытта иеромонах Иаковты «Батыстың тыңшысы», «АҚШ-тың агенті» дейтін материалдар күрт көбейеді. Иаковтың идеясы Мәскеу Патриархатының юрисдикциясына қарайтын Орта Азиядағы өзге де шіркеулерге ой салуы мүмкін», — дейді Fragment дереккөзі.