АҚШ президенттігіне үміткер қазіргі президент Джо Байден сайлау бәсекесінен шығатынын мәлімдеді. 21 шілдеде X желісінде жариялаған жазбасында ол биыл қарашада өтетін президент сайлауына түсуден бас тартатынын жазды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Байден енді президенттік өкілеттілігі аяқталғанша «міндетін атқара бермек әрі бұл бағыттағы жұмысына көп көңіл бөлуді жоспарлап отыр». Ол ел президенттігіне үміткер ретінде вице-президент Камала Харристі ұсынған. Демократиялық партия Харристі кандидат ретінде бекітіп-бекітпеу мәселесін шешеді.
Демократиялық партия 59 жастағы Камала Харристі үміткер ретінде таңдап жатса, ол ірі партия атынан сайлауға түседі. Харрис бүгінгі күнге дейін прокурор, Калифорния атынан сенатор болған. Оған қоса вице-президент қызметінде сайлау құқығы және бала, ата-ана құқығы секілді мәселелермен айналысқан.
Айта кетейік, 81 жастағы Дж Байден биыл 5 қарашада өтетін президент сайлауына Демократиялық партия атынан кандидат ретінде тіркелген еді. Бірақ 27 маусымда Республика партиясынан президенттікке кандидат 78 жастағы Дональд Трамппен дебатта сәтсіздікке ұшырады.
АҚШ-тағы президент сайлауы 5 қарашада өткізілмек. Бұл сайлауға бұрынғы президент Дональд Трамп та қатысады.