Мәсімов ісінде соңғы сөзді Тоқаев айтты: рақымшылық болмайды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президент Тоқаев ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке рақымшылық жасаудан бас тартты. Осылайша, ел тарихындағы ең ықпалды тұлғалардың бірі ұзақ мерзімді жаза мерзімін толық өтейтін болды.
Еске салсақ, Мәсімов былтыр сәуірде мемлекетке опасыздық жасап, билікті күшпен басып алуға әрекет еткені үшін 18 жылға сотталған еді.
Оның ісімен бірге ҰҚК басшысының бұрынғы орынбасарлары да түрлі мерзімге жаза алған. Сот процесі аса құпия жағдайда өтті.
Маусым айында рақымшылық комиссиясы Мәсімовтің өтінішін қарап, «қабылдамау қажет» деген шешім шығарды. Президент әкімшілігі сол шешімді қолдады.
Дегенмен, қоғамда істің кейбір маңызды тұстары әлі де күмән тудырады. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидің айтуынша, шын мәнінде Мәсімов – Қаңтар оқиғасының басты ұйымдастырушысы емес. Бапи ҰҚК-нің бұрынғы басшысы қамауда ұстағаннан гөрі, биліктің жоғары сатыларындағы былықты ашып, әсіресе, Назарбаев дәуірінде елден шығарылған активтер туралы құнды деректерді бергені әлдеқайда маңызды болар еді дейді.
«Мәсімов Назарбаевтың жеке тапсырмаларын орындаушы, оның сенімді серігі болды. Әлемнің түкпір-түкпіріне шығарылған активтердің құпиясы да дәл осы кісінің қолында. Ол ашық сөйлесе, халыққа пайдамыз көбірек тиер еді», – дейді депутат Бапи.
Дегенмен, Ақорда бұл ұсынысты ескерусіз қалдырды. Президент Тоқаевтың шешімі – Мәсімов үшін саяси мансабының соңы ғана емес, Назарбаев билігінің көлеңкесіндегі ескі Қазақстанның да ресми аяқталуын білдіретіндей.
Қазір Кәрім Мәсімов жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеп жатыр. Ол генералдық шенінен, мемлекеттік наградаларынан және елдің саяси сахнасындағы ықпалынан түпкілікті айырылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

