Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев Париж Олимпиадасында бірінен соң бірі сүрініп жатқан боксшылардың дайындығын сынға алды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сәрсекбаев ұлттық құрама сапындағы спортшылардың физикалық дайындығы өте төмен екенін баса айтты.
«Біздің жігіттердің физикасы сын көтермейді. Екінші раундтан бастап-ақ демдері жетпей, рингте әрең қозғалып жүр. Соққылары әлсіз, комбинация мүлдем көрінбейді. Үш минуттық бір раундта қанша соққы жасауға болатынын білеміз.
Сонда физикалық дайындығына жауапты арнайы шақырылған маман қайда? Ғылыми топ қайда қарап отыр? Боксшыларымыз үш раундты толық өткізе алмай, аяғына әрең тұрса, бапкерлер не істеп жүр? Бәрің жиылып, құр босқа Олимпиадаға шұбырып барғансыңдар ма?
Бір ғана сұрақ қояйыншы: әрбір боксшы лицензияны алғаннан кейін Олимпиадаға дейін қанша кездесу өткізді? Практика бар ма? Өз басым Олимпиадаға дейін жарты жылдың ішінде 22 кездесу өткізгенмін. Бас бапкерге тіпті айтар сөзім жоқ», – деп жазды Олимпиада чемпионы.
Айта кетейік, кеше түнде ұлттық құраманың тағы бір өкілі Мұхамедсабыр Базарбайұлы қарсыласына жол беріп, Олимпиада ойындарын жүлдесіз аяқтаған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

