Батыс елдерінде бекітілген неолибералдық құндылықтарды қабылдамайтын адамдар орыс тілін, тарихын және Ресей заңнамасын білетінін растамай-ақ уақытша тұруға рұқсат алуға өтініш бере алады. Бұған қатысты Ресей президенті Владимир Путиннің тиісті жарлығы жарияланған, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Ресейдің Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша Ресей Федерациясының Үкіметі бұл елдің құндылықтарына қайшы келетін саясатты жүргізетін мемлекеттердің тізімін анықтайды.
Көшуге ниет білдіргендер сыртқы саясат ведомствосынан бір реттік үш айлық виза ала алады.
Қазіргі уақытта Ресей Федерациясында уақытша тұруға рұқсатты ресейліктердің жақын туыстары, ата-аналарымен бірге тұратын балалар, шетелдік инвесторлар мен олардың туыстары, әскери қызметке тұратындар, отандастарды қоныстандыру мемлекеттік бағдарламасына қатысушылар, Ресей жоғары оқу орындарын бітірген үздік студенттер, Қазақстан, Молдова, Украина азаматтары, Ресейде немесе Украинада азаматтығы жоқ адамдар, босқындар мен уақытша баспана алғандар, сондай-ақ, жоғары білікті мамандар мен олардың туыстары ала алады.
Сондай-ақ, арнайы квота бойынша тұруға рұқсат алуға болады. Алайда жоғарыда аталған адамдар бірқатар құжат, соның ішінде орыс тілін меңгергені туралы сертификат тапсыруы керек.
Мұндай бастаманы Ресейде 18 жасынан бастап тұруды армандаған 23 жастағы италиялық Ирена Чеккини көтерген. Ол Путинге бұл үшін «импатриация» деген атау да ұсынған.