Қазақстан алдағы он жылда білікті кадр тапшылығының терең құрдымына түсуі мүмкін. Тәжірибелі мамандар зейнетке шыққанда, олардың орнын басатын жастар жеткіліксіз болады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов осы қатердің алдын алу үшін мемлекеттік гранттарды қайта қарауды және бұрын жемқорлықпен күрес деген себеппен жабылған оқу формаларын жандандыруды ұсынды.
Оның айтуынша, қазіргі білім жүйесі тек жастарға бағытталып, еңбекке жарамды, бірақ мамандығы қажетсіз болып қалған ересектерді ұмыт қалдырып отыр.
«Алдағы он жылда тәжірибелі мамандардың үлкен бөлігі еңбек нарығынан кетеді. Сол кезде жұмыс істейтін адам таппай қалуымыз әбден мүмкін. Қазір 30-40 жас аралығындағы азаматтарды қайта оқыту мәселесін қарастыру керек. Бұрынғы мамандығы қажетсіз болып қалған адамдарға жеке бағдарлама жасап, мемлекеттік гранттардың бір бөлігін соларға бөлуіміз қажет», – дейді Әбенов.
Депутат сондай-ақ кешкі және сырттай оқуды қайта енгізуді маңызды санайды. Оның сөзінше, қазіргі технология, оның ішінде жасанды интеллект те, оқудың сапасын көтеріп, ашықтығын қамтамасыз ете алады.
«Кезінде сыбайлас жемқорлықтан қорқып, кешкі және сырттай оқу формаларын жауып тастадық. Бірақ қазір нарықты білікті кадрлармен толтыру үшін оларды қайта іске қосу қажет. Оған қоса, оқыту процесінде ChatGPT және басқа да заманауи құралдарды пайдалануға болады. Мемлекеттік қызметкерлер мен ұйымдарға бөлінген гранттар болса, оларды кім оқытады? Жұмыс орнында оқыту қиын, сондықтан дайын бағдарламалар болуы тиіс», – деп атап өтті депутат.
Әбеновтың пікірінше, бүгіннен бастап ересектерді қайта даярлауға инвестиция салмаса, алдағы уақытта еліміздің экономикасы білікті маман тапшылығына төтеп бере алмайды. Сондықтан еңбек етіп жүрген азаматтарға қолайлы оқу формаларын қайта қалпына келтіріп, цифрлық құралдарды енгізу білім беру саласындағы басты бағытқа айналуы тиіс.
Айта кетелік, бұған дейін Әбеновтың әріптесі Аймағамбатов еліміздегі дипломдар туралы ащы шындықты айтқан болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







