Жуырда Шерзат Болаттың әпкесі 15 тәулікке қамалды. Сот оған Қазақстаннан депортациялау жөнінде шешім шығарған болатын. Бірақ адвокаты мұнымен келіспейтінін айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz Qaz365.kz-ке сілтеп.
Блогер Жан Ахмадиев адвокат Мейірман Шекеевтің пікірін сұраған. Ол қазір осы іспен айналысып жатыр.
«Бақыт қазір Ұзынағаштағы уақытша ұстау изоляторында отыр. Біз сол жерге барып қайттық. Апеляциялық шағымды дайындап қойдық. Оған Әкімшілік кодекстің 488-бабының 8-бөлігі бойынша айып тағылған. Яғни шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар жасаған әрекет бойынша қамауда отыр. Қазақстаннан депортациялау жөнінде жаза кесілген. Біз мұнымен келіспейміз. Қаулыда бірнеше заңбұзушылық бар. Бақытқа заңсыз демонстрация, пикетке үндеді деген айып тағылған. Бірақ заңдағы анықтамаға сәйкес мұндай заңсыз жиынға шақырудың ұйымдастырушысы болады. Реимованың ондай кінәсі дәлелденбеген. Сосын баласының құжатын сұратқан. Баласы Қазақстанда дүниеге келген. Бала мен ананы ажыратуға болмайды. Қазақстан ана мен баланы ажыратпауға міндетті.
Сот осы халықаралық шартты өрескел бұзған. Бақыттың этникалық қазақ екені ескерілмеген. «Қандас» деген құжаты бар. Оларды депортациялауға болмайды. Өйткені баратын жері жоқ. Отаны – Қазақстан. Біз кінәсіздігін дәлелдеп, Қазақстанда қалдыруға тырысып жатырмыз, — дейді Мейірман Шекеев.
Еске салайық, 9 желтоқсанда Алматы облысында Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев өлі табылған еді. Полиция департаментінің алдын ала деректері бойынша ол суицид жасаған. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрқанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Ал жерлеу рәсімінен соң Шерзаттың әкесі ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Кейін сот шешімі шығып, ол 15 тәулікке қамалды. Шерзат Болаттың өзге де туыстарына қатысты сот үкімі шықты. Оның ішінде Шерзаттың әпкелері де бар.