Қазақстанда жаңа «Әділет» саяси партиясын құру туралы бастама саяси ортада қызу талқылана бастады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Әзірге сөз тіркеліп үлгерген партия туралы емес. 2026 жылғы 16 сәуірде ұйымдастыру комитеті Әділет министрлігіне саяси партия құру ниеті туралы хабарлама мен ілеспе құжаттарды тапсырды. Құжаттар елдің барлық өңірінен, республикалық маңызы бар қалалар мен Астананы қоса алғанда, 700-ден астам азамат атынан берілген. Ұйымдастырушылар мамыр айының басында құрылтай съезін өткізуді жоспарлап отыр.
Сарапшылардың бағалауынша, жаңа күштің пайда болуы партиялық алаңдағы қозғалысты күшейтіп, алдағы электоралдық циклдер алдында бәсекеге жаңа серпін беруі мүмкін. Талқылаудың өзі саяси пікірталасты жандандырып, институттардың дамуына қосымша түрткі бола алады деген пікір айтылып жатыр.
Қаржы талдаушысы Расул Рысмамбетов мұны жаңа саяси жағдайдың белгісі ретінде бағалап, қоғам тек сырттан бақылап отырмай, жаңа бастаманың жариялаған қағидаттарын сұрақ қою, ұсыныс айту және ашық талқылау арқылы сынап көруі керек дейді.
Ал саясаттанушы Андрей Чеботарев бұл бастама азаматтардың саяси өмірге белсендірек қатысуға деген сұранысын көрсететінін айтады. Оның пікірінше, құрылтайшылардың едәуір бөлігі конституциялық реформа үдерісіне қатысқандықтан, азамат құқықтары мен бостандықтарын жаңа конституциялық қағидаттар негізінде қорғау ұстанымын алға шығаруы заңды.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев жаңа партияның пайда болуын алдағы саяси кезең алдындағы партиялық кеңістіктің жаңару белгісі ретінде қарайды. Сарапшылар ортақ бір тұжырымға тоқтайды: шешуші нәрсе партияның атауы немесе тіркелу фактісі ғана емес, оның қоғамға мазмұнды күн тәртібін ұсына алуы, тиімді диалог құруы және нақты саяси субъектілік көрсете білуі. Сондықтан «Әділеттің» болашағы құжат тапсыру сәтімен емес, одан кейінгі саяси салмағымен өлшенеді.
Қазақстан 2050 жылға дейін кемінде үш атом электр станциясын іске қосуды жоспарлап отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

