Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин журналист Аян Шәріпбаевқа берген сұхбатында елдегі энергетикалық дағдарыс пен жылу электр орталықтарының апатты жағдайына қатысты өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Журналист тоқсаныншы жылдардың ортасында дәл Қажыгелдин үкіметі энергетика саласын жеке қолға өткізгенін еске салып, бүгінгі тоз-тозы шыққан жылу электр станциялары үшін тарихи жауапкершілік бар-жоғын сұрады. Сонымен қатар «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы арқылы жөндеу шығындарын халықтың мойнына артудың қаншалықты әділетті екенін нақтылады.
Тоқсаныншы жылдардағы жоспар қалай бұрмаланды?
Экс-премьердің айтуынша, оның үкіметі 1997 жылы қызметтен кеткен кезде стратегиялық нысандарды халықтың меншігіне айналдырудың нақты тетігі бекітілген. Ол зейнетақы қорлары арқылы азаматтарға энергетикалық кәсіпорындардың 50 пайыз үлесін беруді, 10 пайызын еңбек ұжымдарына қалдыруды көздеген.
«Үкіметтен кеткен кезімізде ірі кәсіпорындар акцияларының 35-40 пайызы ғана инвесторлардың қолында болатын. Оларға қатаң міндеттемелер жүктелді, алайда оны кейін ешкім орындаған жоқ. Тұңғыш президенттің отбасына жақын кәсіпкерлер барлық табысты активтер бөліске түсіп кеткенін көрген соң, назарларын энергетикаға бұрды. Халық тұтынатын қызмет үшін төлемді уақытылы жасап отырғандықтан, олигархтар станцияларды өз меншігіне алды да, бүгінгі энергетикалық күйреуге алып келді», – деді Әкежан Қажыгелдин.
Шығынды халыққа жүктеу – тығырыққа апаратын жол
Қажыгелдин инфрақұрылымды жаңғырту жүгін салық төлеушілер мен тұтынушылардың мойнына арту қате қадам екенін атап өтті. Азаматтардың басым көпшілігі табысынан емес, несиеден несие алып күн көріп отырғандықтан, коммуналдық төлемдерді өсіру әлеуметтік шиеленісті ғана күшейтеді.
Ол қарызға батқан энергетикалық кәсіпорындарды сауықтырудың заңды тетігін ұсынды.
«Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясының қожайындары Александр Клебанов пен Сергей Кан сияқты кәсіпкерлер соңында жарты миллиард доллар қарыз қалдырды. Енді сол нысандар сатылымға шығарылып жатыр. Мұндай жағдайда ең дұрыс қадам – банкроттық институтын қолдану. Кәсіпорынды банкроттық арқылы жаңа басқарушыға тапсырып, капитал салатын инвестор тарту қажет. Ал қарыз үйіп, пайданы офшорға шығарғандармен бөлек хаттама арқылы заң аясында есеп айырысқан жөн», – деп түйіндеді экс-премьер.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







