Ақтауда алғаш рет өткен «Кітап керуен – Ақтау» жәрмеңкесі қала тұрғындары мен қонақтарының үлкен ықыласына бөленді. Рухани шара Ақтау әкімдігінің қолдауымен Қабиболла Сыдиықұлы атындағы Маңғыстау облыстық кітапханасында және Каспий жағалауында өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәдени шара қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Ашылу салтанатында қала әкімі Әбілқайыр Байпақов пен ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Роза Мұқанова жәрмеңкенің символикалық лентасын қиды.
Қала әкімі Әбілқайыр Байпақов бұл шараның мәдени-рухани маңызына ерекше тоқталып, кітап оқитын ұлт қалыптастырудың қажеттілігі жайлы айтты.
Жәрмеңкеге еліміздің әдебиет пен мәдениет саласының танымал тұлғалары арнайы келді. Олардың арасында ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Роза Мұқанова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Оңайгүл Тұржан, ҚР Жазушылар одағының Маңғыстау филиалының төрайымы, ақын Анар Шамшадинова, ҚР Ақпарат саласының үздігі, ақын Гүлайым Дәуітбаева, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, жазушы Бақытгүл Сәрмекова, ҚР Мәдениет және ақпарат саласының үздігі, жазушы Қанат Тілеухан, ақын-жазушы Ақберен Елгезек, ақын-драматург Ұларбек Нұрғалым секілді әдебиет өкілдері бар.
Сондай-ақ шараға елімізге танымал баспалар да қатысып, өздерінің үздік кітаптарын ұсынды. Атап айтқанда, Qasymkitap, Steppe&World, «Абай», «Arman-PV», ZIYAT, SANA, MAZMUNDAMA, Marfu, «Отбасы хрестоматиясы» және WIK HOUSE баспалары ерекше сұранысқа ие болды.
Жәрмеңке кезінде арнайы безендірілген автобус қала көшелерін аралап, тұрғындарды мәдени шараға шақырды.

15-16 мамырда екі күнге созылған рухани шара барысында кітаптарға арнайы жеңілдіктер жасалып, мәдени-әдеби бағдарламалар ұйымдастырылды. Сонымен қатар жазушылардың жаңа кітаптарының тұсаукесерлері өтті. Оның ішінде Қанат Тілеухан мен Аслан Тілеген құрастырған «Атабаев лекциясы», Оңайгүл Тұржанның «Ағаштар үнсіз өседі», Ақберен Елгезектің «Дардай» романы, Әлішер Рахаттың «Иесіз көлеңке», Мәрия Омардың «Ақбалжан» шығармалары және Arman-PV баспасынан шыққан «Көшпенділер ойыны» танымдық энциклопедиясы көпшілік назарына ұсынылды.
Шараның екінші күні Каспий теңізінің жағасында жалғасып, қала тұрғындары сүйікті қаламгерлерімен кездесіп, қолтаңба алып, естелік суреттерге түсті. Әдеби кеш теңіз жағасында нағыз мерекеге ұласты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







