Alatau City жобасына қатысты үміт үлкен болғанымен, «болашақ қаласы» мәртебесі өздігінен табыс әкелмейді. Президент бұл бастаманың табысты болуы ең алдымен базалық мәселелердің шешілуіне байланысты екенін айтты. Оның ішінде жер, инфрақұрылым және жұмыс істеу ережелері нақты әрі ашық айқындалуы керек. Құқықтық бөлік бір жылдың ішінде толық рәсімделуге тиіс екенін ескертті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы қаржылық тәуекелге де назар аударды. Жоба инвестиция мен бизнеске сүйенеді. Алайда бұл әзірге нақты кепілдендірілген табыс емес, болжам ғана. Сондықтан Alatau City үшін тұрақты қаржылық модель, 10, 20 және 30 жылға арналған түсінікті даму жоспары қажет.
Ұзақ мерзімді жоспар, мастер-жоспар және даму стратегиясы 2026 жылдың соңына дейін қабылдануы керек.
Президент сөзіндегі ең өткір тұстың бірі Alatau Smart City жоспары мен Алматы облысындағы нақты жағдай арасындағы айырмашылыққа қатысты болды. Мемлекет басшысы өңірдегі бірқатар елді мекенде қарапайым инфрақұрылым мәселелері әлі шешілмегенін ашық айтты.
Жетіген, Қоянқұс сияқты қосылған елді мекен тұрғындары тұрақты интернеттің, сапалы жолдың және орталықтандырылған ауыз судың жоқтығына шағымданып келеді. Электр қуатының жиі өшуі де күрделі мәселеге айналған. Облыстағы электр желілерінің тозуы 70 пайызға жеткен.
Жаңа аудандарда инженерлік коммуникациялар әлі жобалау сатысында тұр. Үш қосалқы станцияны қайта жаңғырту және су тарту қуатын кеңейту жұмыстары да кешігіп жатыр.
Президент бұл жағдайды Alatau Smart City құрылысының ауқымды міндеттері мен облыстың нақты әлеуметтік-экономикалық ахуалы арасындағы айқын контраст деп бағалады. Мемлекет басшысы мұны Үкіметтің, атап айтқанда Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев пен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің тарапынан кеткен олқылық деп атады.
Тоқаев энергетика мәселесіне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, елде ірі жобалар мен стратегиялар туралы көп айтылады, бірақ дәл қазір Қазақстан қанша энергия жоғалтып отырғаны секілді базалық мәселеге аз көңіл бөлінеді.
Президенттің бұл сөзі Alatau City жобасы үшін нақты саяси белгі болды. Болашақ қаласын салу тек әдемі тұжырымдама мен инвестициялық уәдемен шектелмеуі керек. Ең алдымен жол, су, жарық, интернет, құқықтық тәртіп және қаржылық тұрақтылық секілді қарапайым әрі шешуші мәселелер реттелуі қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







