Бүгін Алматыда блогер, «Qaznews24» паблигінің иесі Темірлан Еңсебекке қатысты сот процесі басталды. Процесс Наурызбай аудандық сотында өтіп жатыр.
Темірлан Еңсебек ұлтаралық алауыздықты қоздырды деген айыппен сотқа тартылуда.
«Даудың басы Дайрабайдың көк сыйыры» дегендей: 2024 жылдың 21 қаңтарында Т.Еңсебек өзінің танымал арнасында «Қазақстандық рэперлер Тина Канделакиге қатал жауап жазды» деген материал жариялады.
Бұл жарияланымда ұлтаралық сипаттағы арандатушылық мазмұндағы ән мен (әнді орындаушы белгісіз), оның ішінде орыс ұлтының өкілдеріне қаратылған «бейәдеп» сөздер бар делінеді. Сот арнайы сараптама жасатқан. Сараптама Т.Еңсебектің жарияланымында «этникалық орыстарды қорлау белгілері бар» деген қорытынды шығарған.
Процесс барысында судя Т.Еңсебектің қоғамдық қорғаушысы, әкесінің сот жүргізу тіліне қатысты көтерген мәселесіне жауап беріп: «Ұлыңыз, сотталушы Темірлан Еңсебектің сот жүргізу тілі ретінде орыс тілін таңдағанын есіңізге саламын. Сіз сотталушының өкілі ретінде бұл туралы білесіз. Орыс тілін таңдаған біз емес, сіздің балаңыз. Бірақ, сіз соған қарамастан, жұрт алдында сұрақ қойып, процедураны бұзып отырсыз.
Мен ана тілімді білемін, жетік меңгергенмін. Сотты қазақ тілінде жүргізейік десеңіз, жүргізейік. Бірақ, сотталушы Темірлан Еңсебек дәл осы жерде заңда белгіленген тәртіпке сәйкес, сот тілін ауыстыру туралы өтінішін айтсын. Бұл ертең сот неге орыс тілінде жүргізілмеді деп дау шығармау үшін керек. Тіл туралы мәселені ушықтырудың қажеті жоқ екенін мен сізге ескертемін. Заң бәрімізге ортақ», — деді.